Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы бекітілді

Күні: 14:44, 06-04-2016.

Астана. 6 сәуір. ҚазТАГ – Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.
«Президент жарлығымен 2016 жылғы 28 наурызда тиісті комиссия құрылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеудің «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы»  тұжырымдамасы, Мемлекеттік комиссия туралы ереже мен оның құрамы бекітілді», - делінген Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, Г.Әбдіқалықова өз сөзінде Мемлекет басшысының: «Тәуелсіздік жылдары республикамыз тарихи даму тұрғысынан ғажайып серпіліс жасады. Біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі, Жаңғырған Ұлы Дала Елі! Бұл біздің асқақ аңсарымыз әрі ерекше мақтанышымыз!» деген сөзіне тоқталып өтті.
Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу мемлекеттіліктің одан әрі нығаюына, халықтың бірлігі мен барлық қазақстандықтың «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында топтасуына мүмкіндік беретіндігін айтты.
Сондай-ақ ол Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу бостандық, бірлік, тұрақтылық, жасампаздық, өркендеу сияқты «арқаулы құндылықтарға» негізделетініне ерекше мән берді. Әрбір ай Тәуелсіздіктің жетістіктері мен «Мәңгілік Ел» құндылықтарының біріне  арналатын болады.
Отырыс барысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі өзара іс-қимыл мен мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын үйлестірудің негізгі мәселелері талқыланды.
Отырыс аясында Мемлекеттік комиссия мүшелері мен шақырылған қонақтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тарихы: Қазақстан жолының қарышты қадамдары» атты деректі фотокөрменің ашылу рәсіміне қатысты.
Отырысты қорытындылаған Мемлекеттік хатшы жоспарланып отырған іс-шараларды сапалы әрі уақтылы іске асыру қажеттігін айтып, жұмысты әрі қарай ұйымдастыруға байланысты бірқатар нақты тапсырма берді.


Жаңалықтармен бөлісу: