Қазақстан журналистері Сейтқазы Матаевты қолдап бас прокуратураға жазған үндеулеріне қол жинап жатыр

Күні: 11:02, 23-02-2016.

Алматы. 23 ақпан. ҚазТАГ - Қазақстан журналистері ҚР журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейтқазы Матаевты қолдап бас прокуратураға жазған үндеулеріне қол жинап жатыр.
«Біз бас прокуратурадан осы іс бойынша тергеуді ерекше бақылауға алып, тергеу амалдарына барынша ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді талап етеміз.  
Біз, қоғамды тергеу барысы туралы үнемі және уақытылы хабардар ету, туындаған сұрақтарға нақты және екі ұшты емес жауап беру ғана өсек-аяңның тарап кетуінің алдын алып, алдын-ала кесіп-пішілмеген тергеуді қамтамасыз етіп, қоғамда кейін сауал туындамайтындай нәтиже беретініне сенімдіміз», - делінген үндеуде.
Бұл ретте заңмен кепілдендірілген кінәсіздік презумпциясын сақтау қажеттігі атап көрсетілген.  
«Біз сондай-ақ, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік басшыларының назарын заң бойынша адамды қылмыскер деп тек сот қана атай алатынына аударамыз. Сондықтан бүгін таратылған құжаттағы Матаевтың әрекетін «Матаевтар жасаған сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар ауыр болып табылады» деп баяндаудан  тартынуды өтінеміз.  
Әдетте, прокуратура мен мемлекеттік қызметкерлер бізге, журналистерге, кінәсіздік презумпциясының барын ескертіп, сот шешімі шыққанша адамды кінәлауға болмайтынын айтып жатады. Алайда қазір біз ондай әрекетке мемлекеттік қызметкерлердің өздерінің де барып жатқанын көріп отырмыз, ал оған Қазақстан заңнамасы тұрғысынан да, этикалық нормалар тұрғысынан да жол берілмеген», - делінген құжатта.
Хабарланғандай, үндеу ҚР бас прокуратурасына жолданды және сейсенбі күні ғаламторға орналастырылды.  
Қазіргі таңда үндеуге 200-ден астам әлеуметтік желіні пайдаланушылар қол қойған. Соның ішінде жекелеген журналистер секілді, редакциялардың, баспасөз қызметтері мен ұйымдардың толық ұжымдары да бар.


Жаңалықтармен бөлісу: