Қазақстанда 16,2 млн. тонна астық жиналды - АШМ

Күні: 13:47, 28-10-2014.

Астана. 28 қазан. ҚазТАГ – Қазақстанда 16,2 млн. тонна астық жиналды, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметінен.
«2014 жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша 13,1 млн. гектардан астам (87,5%) жиналып, 12,3ц/га орташа өнімділік кезінде 16,2 млн. тонна астық басылды», - делінген сейсенбі күні ведомство сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, негізгі астық егу өңірлерінде – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында дәнді дақылдардың егін жинау алқабы 11,5 млн. гектар құрады, 9,7 млн. гектар немесе жалпы егін жинау алқабынан 84,3% жиналды, 12,4 ц/га орташа өнімділігі кезінде 12,0 млн. тонна астық басылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша дәнді дақылдардың егін жинау алқабы 15,0 млн. гектар (2013 жылдан 736,3 мың гектарға кем) құрайды. Әртараптандыру бағдарламасының шеңберінде егістік жерлердің құрылымы елеулі өзгеруде. Мысалға, бидайдың егістік алқаптары соңғы 5 жылда 2 млн. га дейін (2009 жылғы 14,8 млн. гектардан 2014 жылғы 12,4 млн. гектарға) қысқарды. Бұл ретте басқа дақылдардың егістіктері арта түсуде. Атап айтқанда майлы дақылдардың егістік алқаптары 2009 жылғы 0,7 млн. гектардан 2014 жылғы 2,3 млн. гектарға дейін, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 2009 жылғы 338 мың гектардан 2014 жылғы 413 мың гектарға дейін, жемдік дақылдар 2009 жылғы 2,5 млн. гектардан 2014 жылғы 3,3 млн. гектарға дейін артуда.


Жаңалықтармен бөлісу: