Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі номиналы Т2 мың, Т5 мың, Т10 мыңдық купюрлар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымнан алынып тасталады

Күні: 16:55, 26-11-2015.

Алматы. 26 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі номиналы Т2 мың, Т5 мың, Т10 мыңдық купюралар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымнан алынып тасталады, делінген ҚР Ұлттық банктің ресми хатында.
«ҚР Ұлттық банк осы хат арқылы ҚР Ұлттық банк басқармасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №213 «2006 жылғы және 2011 жылғы үлгідегі 5 000 теңгелік номиналдағы банкноттың қатар айналымда жүру кезеңін бекіту туралы», 2012 жылғы 26 наурыздағы № 107 ««2006 жылғы және 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік номиналдағы банкноттың қатар айналымда жүру кезеңін бекіту туралы», 2013 жылғы  27 мамырдағы №127 «2006 жылғы және 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік номиналдағы банкноттың қатар айналымда жүру кезеңін бекіту туралы» қаулыларымен, 2015 жылғы 31 желтоқсанда 2006 жылғы үлгідегі 2 000 теңге, 5 000 теңге, 10 000 теңге номиналдағы банкноттар қатар айналымы тоқтатылатынын еске салады», - делінген Ұлттық банктің хатында.
Құжатта 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ескі үлгідегі ақшалар «ҚР аумағында төлемдердің барлық түрлері бойынша заңды төлем құралы болудан қалады» деп қадап айтылған.
Ұлттық банкте түсіндірілгендей, айналымда бар ұлттық валютадағы ақшаларды, олардың дизайны өзгерген жағдайда айырбастау ережелеріне сай, жаңа және ескі ақшалардың айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң, екінші деңгейдегі банктер 12 айдың ішінде заңды және жеке тұлғалардан ескі үлгідегі ақшаларды жаңа үлгідегі ақшаға айырбастап беруге міндетті.    


Жаңалықтармен бөлісу: