Қазақстанда демалыс күндері коронавирус салдарынан қосымша шектеу шаралары енгізіледі

Астана. 18 маусым. ҚазТАГ – Қазақстанда демалыс күндері коронавирус салдарынан қосымша шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуін және коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткішінің артуын ескере отырып, ВАК биылғы 20-21 маусым, демалыс күндеріне, мынадай қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалалары бойынша:
сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылады;
қоғамдық тамақтану орындары тек далада әрі әлеуметтік арақашықтықты сақтап қана жұмыс істеуі тиіс;
қоғамдық көліктердің қызметі шектеледі;
қоғамдық демалыс орындары: парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылады;
фитнес-орталықтарының қызметі тоқтатылады;
65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектеледі.
Тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын елді мекендер бойынша:
қоғамдық орындардың: парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер жұмысы тоқтатылады;
65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектеледі.
«Өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына аумақтық жақын орналасқан туристік аймақтарға кіруге тыйым салу, ал аталған аймақтардағы адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет», - делінген хабарда.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзім ішінде мына мәселелерді пысықтауды тапсырды:
медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейту;
ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындар санын көбейту;
меншік нысанына қарамастан, өңірде бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды КТ-зерттеумен қамтамасыз ету;
жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету;
үйлерінде жатқан пациенттерге амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылау жасау (қашықтан, мобильді бригадалардың көмегімен);
халыққа белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Еске салсақ, 17 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша министрлер кабинетінің шаралар қабылдайтынын айтқан еді. Ол азаматтардың карантин режимін жаппай сақтамауына байланысты коронавирустың көбейіп кеткенін, дегенмен жағдайдың үкіметтің бақылауында екенін айтты.

adimage