Қазақстанда Ертіс өзенінің суын Арал теңізіне бұрудың үш нұсқасын қарастыруда

Күні: 14:04, 25-05-2015.

Астана. 25 мамыр. ҚазТАГ - Асхат Ахметбеков. Қазақстанда Ертіс өзенінің суын Арал теңізіне бұрудың үш нұсқасын қарастыруда, деп мәлім етті Қазақстан ұлттық жаратылыстану академиясының бірінші вице-президенті Нұралы Бектұрғанов.
«Біз суды біздің қуаңшылықтағы аудандарға бұрудың үш нұсқасын қарастырып жатырмыз. Және олардың бір нұсқасында өзі ағатын канал, оны қазуға болады», - деді Н. Бектұрғанов жұма күні VIII Астана экономикалық форумында.
Ол ҚазТАГ агенттігінің тілшісіне берген түсініктемесінде, әңгіме «оңтүстік, орталық және солтүстік» нұсқалар туралы болып отырғанын айтты.  
«Ең көңілге қонымды нұсқасы – солтүстік нұсқа, себебі ол су сорғышсыз, өзінен өзі ағатын нұсқа, ылдилығы мүмкіндік береді. Біз ол проблеманы тек биыл ғана көтеріп отырмыз, себебі ол Астананың жанынан өтеді. Мұнда көктемде ғана су көп, ал жалпы, Астана судан тапшылық көріп отыр, әсіресе қуаңшылық жылдары», - деді ғалым.  
Н. Бектұрғановтың айтуынша, су бұрудың солтүстік нұсқасы «ұсақ шоқылар арқылы ылдиға кетеді».
«Ол ылдиға кетеді, сондықтан өзі ағады. Торғайға, одан ары Сырдария, Арал жаққа», - деді ол.
«Орталық нұсқасы – Орталық Қазақстан арқылы, бірақ онда «Ертіс-Қарағанды» каналындағыдай насостар салу керек. «Ертіс-Қарағанды» сол себептен де тоқтап тұр, себебі суды осындай биіктікке көтеру үшін көп электр энергиясы керек, шығыны да көп. Ал біз өзінен өзі ағатын нұсқаны ұсынып отырмыз», - деді Қазақстан ұлттық жаратылыстану академиясының бірінші вице-президенті.
Өз кезегінде оңтүстік нұсқасы Қазақстанның ұсақ шоқыларының «оңтүстік жағынан» өтеді.
«Біз ол нұсқаны тіпті де қарастырып отырған жоқпыз, себебі онда суды тым биікке көтеру керек болады», - деді Н. Бектұрғанов.
Ол тек биыл ғана ғылыми ізденіс жұмыстары басталғанын жеткізді. Сонымен қатар солтүстік бағыттағы нұсқаны іске асыруға Т3-4 млрд қаражат керек.
«Ол, меніңше, 3-4 млрд – одан көп емес деп ойлаймын», - деді сарапшы.
Бұл ретте Ертістің суын Арал теңізі жаққа бұру бойынша жоба іске асатын болса, жасанды өзен ұзындығы «шамамен 3 мың шақырымдай» болады.


Жаңалықтармен бөлісу: