Қазақстанда көпбалалы аналарға баспана алуға жыл сайын Т50 млрд бөлінетін болады

Астана. 27 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы аналарды баспанамен қамту үшін жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырды.
«Баспанамен қамту және білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Үкіметке көпбалалы отбасы арасындағы азқамтылған отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді салуды тапсырамын. Аталмыш мақсатқа алдағы 7 жылда қосымша жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді», - деді сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясының съезінде Назарбаев.
Бұл ретте ол атап өткендей, сонымен қатар кірісі төмен көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін де баспана сатып алуға қол жетімділікті арттыру керек.
«Азаматтардың осы санаты үшін ТҮҚЖБ жүйесі арқылы 2-3%-дық баспана займын ұсынудың жеңілдік механизмін әзірлеуді тапсырамын. Алайда ол үшін ТҮҚЖБ-ге ақша керек және сол үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлуді тапсырамын», - деді президент.
Астанада ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі басталды. Бұған дейін хабарланғандай, съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданады, партиялық органдардың есебі қаралады, сондай-ақ партияның саяси кеңесінің жаңа құрамы таңдалады.
Еске салсақ, 21 ақпанда Назарбаев сол кезде жұмыс жасап жатқан министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы шешімін айтқан болатын. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жақын арада өтетін съезде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру және өмір сапасын жақсарту бойынша бірқатар шаралар ұсынатынын мәлімдеді.

adimage