Қазақстанда кибер-қылмыс жиілеп кетті, дейді ІІМ

Күні: 13:43, 22-06-2015.

Астана. 22 маусым. ҚазТАГ - Мирхат Әжіғалиев. Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласында қылмыс таралып келеді, деп мәлім етті ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
«Қазір ақпараттық технологиялар саласында қылмыс таралып келеді. Олар – хакерлік әрекет, электрондық жымқырулар, электрондық пошта арқылы қылмыстық байланыстар жасау, қылмыстық капиталды аудару мен т.б. қылмыстар. Егер былтыр 121 қылмыстық іс қозғалса, биылдың өзінде 66 кибер-қылмыспен байланысты қылмыстық іс қозғалды», - деді ол дүйсенбі күнгі брифингте.
Бұл ретте министр қылмыскерлердің айлакерлігін атап өтті.
«Қылмыс жасау әдістері мен түрлері бұрынғыдан әлдеқайда жетілген болып келеді. Мысалы, кредит карталарымен байланысты алаяқтық қылмыс жиіледі,  героин саудасында өзара есеп айырысуда «QIWI әмиян» («QIWI кошелек») төлем жүйесін пайдалу жиіліеп тұр», - деді ол.  
Сондай-ақ Қ. Қасымов, интернет-алаяқтықтың кең таралған сұлбасы туралы айтып берді.
«Алаяқтар пайдаланушыларды басқа интернет ресурстарға жібереді, ол ресурс браузер жұмысын бұғаттап, экранда құқық қорғау органдарының атынан деп жазылған мәтін пайда болады, атап айтқанда, ҚР ішкі істер министрлігінің атынан, тыйым салынған контенттерге кіргеніңіз, оны көшіріп алғаныңыз туралы және сайттарды қарау заңын бұзғаныңыз туралы хабар болады. Бұғатты босату үшін алаяқтар интернет пайдаланушыларды төлем терминалдары арқылы белгілі сомадағы ақша айыппұл төлеуге мәжбүрлейді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, осындай ұсақ қылмыстармен ұшырасуға болады, бірақ аса ірі қылмыстарды да ашу кездеседі.
«Былтыр біз ұйымдасқан бір қылмыстық топты аштық. Олар зиянды бағдарламалар мен вирустарды және «Бланк-клиент» алыстан банк қызметін алу жүйесін пайдалана отырып, 40-шақты заңды тұлғалардан 3 млн-дай АҚШ долларын жымқырып кеткен. Біздің екі азаматымыз ұзақ мерзімдерге сотталды», - деді ол.  
Сондай-ақ Қ. Қасымов желілерде айтылып жүрген интернет полиция құрылғандығы туралы қауесетті теріске шығарды. «Кибер-полиция құру жөнінде айтсақ, бізде Қылмыстық кодексте қанша бағыт болса, сонша бағытта полиция құрудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бізде арнайы «К» басқармасы құрылған, қылмыстық полиция, олар қылмыстың осы түрлерімен маманданады», - деп тұжырымдады ол.


Жаңалықтармен бөлісу: