Қазақстанда коллекциялық монеталарды айналысқа шығарды

Күні: 12:59, 22-12-2017.

Алматы. 22 желтоқсан. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 22 желтоқсанда номиналы 100 теңгелік «Сиқырлы нышандар» монеталар сериясынан «Тұмар» коллекциялық монетасын айналысқа шығарады, деп хабарлайды реттеушінің баспасөз қызметі.
Тұмар – қажетті бойтұмар немесе тұмар тікелей салынатын, теріден, күмістен, одан сирек алтыннан жасалған қаптама. Тұмарды тағып жүру оның иесін бәле-жәледен қорғап, амандығын қамтамасыз етеді деп есептеледі. Коллекциялық күміс монета бойтұмар (тұмар) салуға болатын үш қырлы қаптама түрінде орындалған. Монетаның жоғарғы бөлігінде монетаның екі бөлігін (аверсін және реверсін) бекіту элементі орналасқан. Ол саңылау түрінде орындалған, оның білігінің айналасында бойтұмарды салу үшін монетаның аверсі мен реверсі қозғалады. Саңылау сондай-ақ алқа немесе бау тағу үшін пайдаланылуы мүмкін, оның көмегімен монетаны бойтұмар ретінде тағып жүруге болады. Монетаның бөліктерін өздігінен қозғалудан бекіту магниттік құлыптың көмегімен жүзеге асырылады. Магниттік құлып монетаның төменгі бөлігінің аверсін және реверсін оңай ажырату және оларды бір-біріне қатысты қозғалту арқылы ашылады. Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 31,1 g» деген жазу, соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан орналасқан. Жазулар мен сан ұлттық ою-өрнекпен, моншақталған тізбекпен және мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және ағылшын тіліндегі «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазбамен көмкерілген. Сол жақ бөлігінде Қазақстан теңге сарайының сауда белгісі, оң жағында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген. Монетаның сырт жағы (реверсі) жартылай асыл көгілдір ақықпен безендірілген, ол ұлттық ою- өрнектің, моншақталған тізбектің және мемлекеттік тілдегі «ТҰМАР • СИҚЫРЛЫ НЫШАНДАР» және ағылшын тіліндегі «MAGIC OF SYMBOLS • TUMAR» деген жазбаның қоршауында орналасқан. Монеталардың сол және оң бөліктерінде ою-өрнек элементтері бейнеленген. Монетаның бет және сырт жақтарындағы бейнелер мен жазбалар бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Монета 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы 31,1 грамм, сипатталған шеңбер диаметрі – 40 мм., дайындау сапасы «Antic silver», ең көп таралымы – 6 мың дана, қыры (гурты) бедерсіз және жазусыз. «Сиқырлы нышандар» монеталар сериясынан номиналы 100 теңгелік «Тұмар» коллекциялық монеталары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, «SKARBIEC KORONNY SA» акционерлік қоғамы және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны арасында жасалған Монеталарды шығару мен сату туралы келісімге сәйкес дайындалды. Бұл Келісім бойынша: - «SKARBIEC KORONNY SA» акционерлік қоғамы Ұлттық Банктен тиісті монеталарды оларды Қазақстаннан тыс жерлерде сату үшін сатып алады; - Қазақстан теңге сарайы монеталарды дайындап, жеткізеді; - Ұлттық Банк дайындалатын монеталардың бір бөлігін (ең көп 3 мың данасын) Қазақстанның ішкі нарығында коллекциялық құны бойынша сату үшін резервтейді. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Номиналдық құны 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтында монеталардың интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады.


Жаңалықтармен бөлісу: