Қазақстанда коронавирус салдарынан енгізілген төтенше жағдай күшіне енді

Күні: 12:07, 17-03-2020.

Алматы. 16 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстанда дүйсенбі күні сағат 8.00-ден бастап коронавирус салдарынан енгізілген төтенше жағдай күшіне енді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Төтенше жағдай кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі шаралар мен уақытша шектеулерді енгізді:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;
3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын; 4) карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын; 5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын; 6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.
«ТЖ енгізілуіне қатысты даурығудың қажеті жоқ. Бұл вирустың кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында ресурстерды жұмылдыру және меморгандардың тез шешім қабылдауы үшін қажет шара. ТЖ енгізу қажетті шешімді тиісті құқықтық режимде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Мемлекет ерте әрекет етуде. Негізгі шаралар бұдан да ертерек қабылданды, сосын жағдайға қарай кезең-кезеңімен жасалды, қосымша шаралар да қабылданды. ТЖ енгізілуіне орай, әрине жаңа шектеу шаралары болады, дегенмен жалпы негізгі нысандар жұмыс жасайды. Атап айтсақ, СОО-дағы дәріханалар мен дүкендер жұмыс жасайды. Бұл шешімдердің барлығы халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатыр», - деп түсіндірді ТЖ турасында Президент кеңесшісі Ерлан Карин.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 162 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 6,4 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус коронавирусты пандемия сияқты сипаттауға болады деп мәлімдеді.
13 наурыздан бастап бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды (мерекелік, спорттық, көрермендері бар бұқаралық мәдени шаралар, конференция, семинарлар, көрмелер және т.б.), сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылды, мектеп оқушылары көктемгі демалысқа 16 наурыздан 5 сәуір аралығында шығатын болды, сонымен қатар 16 наурыздан бастап студенттер онлайн-режимде оқытылатын болады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің коронавирус салдарынан арнайы алдын алу шараларын жүзеге асыруға кіріскенін мәлімдеді. Ол шектеулер кезінде азаматтарды азық-түлікпен үздіксіз қамтуды тапсырды. Ал Үкімет Қазақстанның өзін әлеуметтік маңызды азық-түлікпен жарты жылға жететіндей етіп қамтамасыз ете алатынын жеткізді.
Бұған қарамастан, қазақстандықтар супермаркеттерден керектерін жаппай сатып алып жатқан көрінеді. 12 наурыз күні кешкісін сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтарды дүрлікпеуге шақырды.
Бұған дейін белгілі болғаны, Германиядан келген Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Нұсқалардың біріне сәйкес, жұқтырғандар арасында – Нұр-Сұлтан сотының төрағасы Тілектес Барпыбаев бар, ол өз ұлына – Германиядағы қазақстандық дипломатқа қонаққа барған. Алайда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл ақпаратты растай алмады. Кейін Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметі Барпыбаевтың еңбек дамалысында екенін айтып, оның денсуалығы туралы ештеме білмейтіндерін мәлімдеді. Аз уақыттан кейін сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттардың бірінің әкесінің Германияда коронавирус жұқтырғанын растады, бірақ оның нақты кім екенін атамады. 13 наурыз күні кешкісін коронавирустың Нұр-Сұлтанға Миланнан келген азаматшадан да табылғаны хабарланды.
13 наурыз күні кешкісін Қазақстан ішкі құжаттар бойынша Ресей және Қырғызстанмен шекарадан өтуді уақытша шектеді.
Соңғы ақпар бойынша Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың тоғыз дерегі расталды (жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда).
15 наурызда президент Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай енгізуге қаулы етті.


Жаңалықтармен бөлісу: