Қазақстанда медициналық масканы ел аумағынан шығаруға ресми тыйым салынды

Астана. 20 ақпан. ҚазТАГ - Қазақстанда медициналық масканы ел аумағынан шығаруға ресми тыйым салынды, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің (ДСМ) тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің (ТҚСҚБК) баспасөз қызметінен.
«Қазақстанда республика аумағынан медициналық жеке қорғаныс құралын шығаруға рұқсат беруге ресми түрде тыйым енгізілді. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлттық қауіпсіздік мүддесі мен денсаулығын қорғау аясында жасалды», - делінген бейсенбідегі.
Ведомствода атап өткендей, масканы ел аумағынан шығаруға «Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 14-ө өкіміне сәйкес, сондай-ақ Қытай мен басқа да елдерде жаңа коронавирустық инфекцияның (2019-nСоv) таралуына байланысты, қоғамдық денсаулық сақтау саласында төтенше жағдайларды болдырмау және инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында тыйым салынды.
«Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің қауіпсізідк сапасын бақылау комитетінің төрағасы Қазақстан Республикасы аумағынан жеке қорғаныс құралдарын (респираторлар, қорғаныс көзілдірігі, І-ІІ типті немесе бір реттік қорғаныс (обаға қарсы) костюмдері, медициналық маскалар, респираторлық маскалар, халаттар, қолғаптар) алып шығуға тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Аталмыш тыйым әлемдегі коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай ел халқының санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтуға мүмкіндік береді», - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 74 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 2010, 10,6 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.
6 ақпанда ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп ішкі сұраныстың артуына орай Қазақстаннан Қытайға медициналық маскаларды экспорттауға тыйым салған болатын, бірақ 7 ақпанда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасы аумағынан медициналық маскалардың шығарылуына тыйым салынбағандығын» айтып, бұл ақпарды жоққа шығарған еді.

adimage