Қазақстанда мектеп оқушыларының демалысы 5 сәуірге дейін жалғасады

Астана. 12 наурыз. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстанда мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін демалады, ЖОО-лар қашықтықтан оқытуға көшеді, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
«2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуіріне дейін орта білім беру мекемелері уақытынан бұрын демалысқа шығады. 16 наурыздан бастап техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен ЖОО-лар қашықтан оқыту түріне көшеді, соның ішінде бағалаудың барлық түрі де көшіріледі», - деді Тоғжанов бейсенбідегі брифингте.
Сонымен қатар, ол оқушыларды өңірден тыс жерлерге экскурсияға шығаруға да тыйым салынғаны туралы хабарлады.
Бұған дейін хабарлағандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің коронавирус салдарынан арнайы алдын алу шараларын жүзеге асыруға кірісетінін мәлімдеген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 119 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 4,2 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус коронавирусты пандемия сияқты сипаттауға болады деп мәлімдеді.

adimage