Қазақстанда үш аса қауіпті ҰҚТ 15 жетекшісі ұсталды

Күні: 20:06, 14-09-2020.

Алматы. 14 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстанда үш аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың 15 жетекшісі ұсталды, деп хабарлады ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен.
«2020 жылғы 11 қыркүйекте ҚР ҰҚК ІІМ-мен бірлесіп, «А» және «Бүркіт» арнайы бөлімшелерін тарта отырып, астаналық өңірде қорқытып алумен, рейдерлікпен және қару саудасымен айналысқан «Әлібековтер», «Ибрагимовтер» және «Махмудовтар» ҰҚТ-ларының бір мезгілде аса қауіпті әрекетінің жолын кесуді жүргізді», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда нақтыланғандай, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы арнайы операция шеңберінде көрсетілген топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері ұсталды, олардың біреуі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болатын.
Атыс қаруының, оқ-дәрілер мен гранаталардың арсеналы алынды.
«Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолда бар дәлелдемелерді бекіту және қылмыстық әрекеттің өзге де эпизодтарын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Карантиндік шектеулер жағдайында қылмыстық топтар өздерінің қылмыстық белсенділігін төмендетпей, экономикалық қиындыққа тап болған кәсіпкерлерден қорқытып алумен және рейдерлікпен айналысуды жалғастырған», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.


Жаңалықтармен бөлісу: