Қазақстанда ТЖ режимі тоқтатылды

Астана. 11 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстанда ТЖ режимі тоқтатылды.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен енгізілген Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылғы 11 мамырдағы 00 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын», - делінген еді Тоқаевтың 29 сәуірде қол қойған жарлығында.
Қазақстандағы ТЖ жағдайын ұзарту жөніндегі жаңа жарлық туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлаған жоқ, Ақорда сайтындағы «Нормативті-құқықтық актілер» бөлімінде тиісті құжат жоқ. Демек, Қазақстанда ТЖ режимін ұзарту туралы соңғы жарлықтың күші тоқтатылды.
Еске салсақ, 15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап 2020 жылдың 15 сәуірі сағат 7.00 дейін Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
10 сәуірде мемлекет басшысы Қазақстанда ТЖ режимі 30 сәуірге дейін ұзартылғанын мәлімдеді.
27 сәуірде ҚР президенті «егер індет өршіп кетпесе Қазақстанда 11 мамырда төтенше жағдай режимі тоқтатылады» деп мәлімдеді. Ал 29 сәуірде ол Қазақстанда ТЖ режимін 11 мамыр сағат 00.00-ге дейін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды.
ТЖ режимінің тоқтатылғанына қарамастан, Қазақстанда карантиндік шаралар сақталуда. Атап айтсақ, Алматы билігі бұған дейін 11 мамырда қалада карантин режимі сақталады деп хабарлады: периметрі бойынша блокбекеттер болады, бұған дейін қолданылған кіру-шығу ережелері қалады, жұмысқа тек рұқсат алған кәсіпорындар ғана кіріседі, қоғамдық көлік жұмысы өзгеріссіз қалады (6.00-19.00). Нұр-Сұлтан әкімдігінде де 11 мамырда елордада бұрынғы жағдай сақталатынын айтты, себебі әзірге карантин алынып тасталған жоқ.
Соңғы ақпар бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – 5090, жазылғандар – 1941, қайтыс болғандар – 31.

adimage