Қазақстанда жаңа жеке куәліктерді желтоқсан айынан бастап бере бастайды

Күні: 14:10, 20-10-2014.

Астана. 20 қазан. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қазақстанда түрлі-түсті фотосуреті бар жаңа жеке куәліктерді 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап бере бастайды, деп мәлім етті ҚР ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов.

«Құрметті депутаттар, сіздер ескерту айтқан едіңіздер... куәліктердегі суреттердің солғындығы, түрлі-түсті еместігіне қатысты. Біз бір жыл бойына осы проблеманы шешуге тырыстық. Қажет жерлерге жаңа жабдықтар сатып алып, жаңа жеке куәліктер дайындадық», - деді Қ. Қасымов дүйсенбі күні парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында.  

«Куәліктер биылғы 1 желтоқсаннан бастап беріле бастайды. Баға өзгермейді. Баға өзгермейді, онда түрлі-түсті фотосурет болады, голографиялық фотосурет болады, ол куәлікті қолдан жасаудан қорғаудың ең жоғарғы түрі», - деді ол.  

Министрдің айтуынша, жеке куәліктерде мемлекеттік ту мен Қазақстан елтаңбасы да бар екен.

«Куәлікте біздің елдің туы мен елтаңбасы, сондай-ақ картасы лайықты орын алып отыр. Біз оларды барлық мемлекеттік құрылымдармен талқыладық. Және бірінші желтоқсаннан бастап біздің жеке куәліктеріміз түрлі-түсті суретпен беріле бастайды», - деп тұжырымдады министр.


Жаңалықтармен бөлісу: