Қазақстандық ғалымдар COVID-19 дертіне қарсы өздері дайындаған екпені сынақтан өткізуді бастады

Астана. 18 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстандық ғалымдар COVID-19 дертіне қарсы өздері дайындаған екпені сынақтан өткізуді бастады, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінен.
«Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына қосылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, өзінің ресми сайтындағы клиникаға дейінгі сынауды бастауға рұқсат етілген COVID-19 қарсы вакцина жасаушы үміткерлер тізіліміне қосты», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Ведомствода еске салғандай, инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген.
«Ол Қазақстан аумағында науқастанған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды. (…) Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі және клиникалық сынақ жүргізуі керек. Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына қосылды», - деп хабарлады білім министрлігінен.
БҒМ еске салғандай, бұл институт қазірдің өзінде қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйесін және 30-дан астам биопрепаратты әзірлеп, өндіріске енгізді.
«Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауына, жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар», - делінген хабарда.

adimage