Қазақстандық мектептер қатаң түрде 6 жастан бастап алады - БҒМ

Күні: 20:07, 24-09-2014.

Астана. 23 қыркүйек. ҚазТАГ – Нұргүл Жігер. Мектепте бір сыныпта әр түрлі жастағы балалардың оқуын болдырмау мақсатында қатаң түрде 6 жастан бастап мектепке қабылдау  ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы үкіметке ұсынылды, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) баспасөз қызметінен.
«Заң жобасы бойынша, мектепте бір сыныпта әр түрлі жастағы балалардың оқуын болдырмау мақсатында қатаң түрде 6 жастан бастап мектепке қабылдау  ұсынылды», - делінген баспасөз қызметінің сейсенбі күнгі үкімет отырысына арнап таратқан хабарында.
Сондай-ақ заң жобасымен 2016 жылдан бастап бастауыш, негізгі және бейінді мектептерден кейінгі үш деңгейлі ұлттық тестілеу енгізіледі.
1)    Бастауыш мектепте – оқушылардың оқудағы жетістіктерін анықтау мақсатында;
2)    Негізгі мектепте (10 сыныптан кейін ) – оқушылардың бағытын айқындау мақсатында;
3)    Бейіндік мектепте – алынған білім мен дағдының деңгейін бағалау мақсатында.
Сонымен қатар, бұл Заң жобасында түлектерге техникалық және кәсіптік тегін білім беру жағы да қарастырылған. Бұл норма Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру үшін қажет. Сондай-ақ, ЖОО-да студенттің 2-курстан бастап міндетті өндірістік тәжірибеден өтуін кәсіпорындар мен мекемелер толық қамтамасыз етуі тиіс болады. Сондықтан, кәсіпорындар мен мекемелердің ҚР БҒМ-не қарамайтыны ескеріліп, Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу ұсынылды.
Сол сияқты, «Болашақ» халықаралық стипендиясымен кадрларды дайындау бойынша Республикалық комиссия құзыретін кеңейту ұсынылған. Нақтырақ айтсақ, бұл – ҚР мемлекеттік  қызметкерлерінің, медиа саласы қызметкерлерінің, шығармашылық адамдары мен өнер саласы қызметкерлерінің, ғылыми-педагогикалық және инженерлік-техникалық, медициналық кадрлармен бірге кәсіби сынақтан өтуін қамтамасыз ету. Біліктілікті жетілдіру мен кадрларды қайта даярлайтын ұйымдарда, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті жетілдіру институттарында  жүзеге асырылады, делінген ведомство сайтында жарияланған хабарда.  


Жаңалықтармен бөлісу: