Қазақстандықтар сайлауда тұрақтылық, бейбітшілік және келісім үшін дауыс береді, деп санайды Назарбаев

Күні: 13:52, 24-04-2015.

Астана. 24 сәуір. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау алдында жалпыға ортақ сайлау құқығын жүзеге асыру туралы Қазақстан азаматтарына Үндеу тастады, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.

«Бүкілхалықтық сайлау – біздің Конституциямызда, арнайы заңымызда көрініс тапқан аса маңызды саяси іс-шара. Сайлау арқылы азаматтарымыз, біріншіден, өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырады, екіншіден, ел басқару ісіне тікелей қатысады», - делінген жұмада Ақорда сайтындағы хабарда.  

Онңы айтуынша, «әрбір азамат өзіне ұнайтын, саясатын түсінетін, халықты алға бастай алады деп сенетін кандидатқа дауыс береді».

«Бұл – әлемдік қауымдастық өкілдерінің назарын аударатын ел өміріндегі елеулі оқиға. Сайлауды бақылау үшін елімізге 1 мыңнан астам байқаушылар, 200-ге жуық шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Олардың алдында біз ынтымағымызды  көрсетуіміз керек. Халық неғұрлым белсене қатысатын болса, соғұрлым еліміздің бірлігі нығаяды, болашаққа деген сенімі беки түседі», - деді  президент.

Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы ҚР президентіне үміткер ретінде қазіргі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты, ҚКХП атынан Тұрғын Сыздықовты және кәсіподақ федерациясының басшысы Әбілғазы Құсаиновты тіркеді.

26 сәуірде болатын сайлауда 9,9 мыңнан астам сайлау комиссиясы жұмыс жасайды.

ҚР президенті сайлауын 1 мыңнан астам халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдері бақылайтын болады. Сыртқы істер министрлігімен 37 мемлекеттің шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 168 өкілі тіркелген.  


Жаңалықтармен бөлісу: