Қазақстанның теноры Әміре Қашаубаев туралы фильм 2017 жылы халықаралық прокатқа шығады

Күні: 14:23, 09-08-2016.

Алматы. 9 тамыз. ҚазТАГ – Шәкен Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ Қазақстанның теноры Әміре Қашаубаев туралы «Әміре» атты фильмді түсіруге кірісті, деп хабарлады киностудия баспасөз қызметінен.
«Қазақфильм» АҚ Қазақстанның теноры Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі триумфына арналған фильмді 2017 жылы халықаралық прокатқа шығармақшы», - делінген хабарда.
«Әміре» киножобасы жаңа форматтағы Қазақстан-АҚШ бірлескен киноөнімі болмақшы.
Фильм қазақтың дара туылған дарынының жарқ еткен қысқа ғұмыры мен оның жұмбақ үзілген өмірі туралы баяндайды. Ол алғашқы болып еуропалық көрерменге 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік музыкалық байқауда қазақтың өнерін, вокалдық-орындаушылық өнерін, оның ішінде домбырасын таныстырып, ІІ орын алып, күміс медальға ие болды. Сондай-ақ фильм Әміре мен Мұстафа Шоқайдың кездесуі туралы, оның джаз дарыны Джордж Гершвинмен кездесуін, оның елге қайтып оралғасын басына түскен сын туралы баяндайды.
Фильмде Әміренің орындауындағы қазақтың танымал әндері «Балқадиша», «Сұржекей», «Үш дос», «Дударай», «Жалғыз арша», «Бес қарагер», «Ағаш аяқ» пен «Əй-əй бөпем» шырқалады.
Фильмдегі басты рольдер қазақстандық жұлдыздар Санжар Мәдиев (Әмре) пен Еркебұлан Дайыровқа (Мустафа Чокай) бұйырды. Фильмде сондай-ақ танымал актерлер Бен Алдридж (Ben Aldridge), американдық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) ойнайды.
Еуропадағы көріністерді түсіру Латвияда (Рига) 23 шілдеде басталып кетті. Фильді түсіру Алматыда қыркүйекте аяқталады.


Жаңалықтармен бөлісу: