ҚазТАГ агенттігінің нұсқасы бойынша 2019 жылдың 10 басты оқиғасы

Алматы. 18 желтоқсан. ҚазТАГ –ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстандағы 2019 жылдың 10 басты жаңалығын анықтады.

1. Үкіметтің отставкаға кетуі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 ақпан күні Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді. Бұл ретте ол тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға, қабылданған заңдарға, үкімет шешімдеріне қарамастан, экономиканың көптеген бағыттары бойынша оң өзгерістерге қол жеткізілмеді деп мәлімдеді.
Үкімет пен Ұлттық банк ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты құралдарды толыққанды жасап шығара алмады. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына жасалған талдау қорытындысы олардың орындалып жатқанын көрсеткенімен, көптеген маңызды бағыттар бойынша нақты нәтижелердің жоқ екенін аңғартты. Өнімді жұмыс орындары жеткілікті түрде ашылмай отыр. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге қатысты. Шағын және орта бизнес өсімнің қозғаушы күшіне және оны дамыту ісі әкімдер мен министрлердің негізгі міндетіне айналмады.

2. Назарбаевтың президент лауазымындағы өкілеттігін аяқтауы


19 наурызда Қазақстан тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап Қазақстан президенті лауазымындағы өкілеттігінің аяқталғаны туралы жарлыққа қол қойды. Бұл ретте ол қауіпсізідк кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі болып қалды. Кезекті сайлауға дейін конституцияға сәйкес мемлекетті сенаттың экс-спикері Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын болды. Парламенттің жоғары палатасын тұңғыш президенттің қызы Дариға Назарбаева басқарады. Назарбаев елді 1989 жылдың 22 маусымынан бастап Қазақстанның КП ОК бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан бері басқарып келеді. Ал 1990 жылдың 2 сәуірінен бастап Қазақ Республикасының президенті лауазымын атқарды.

3. Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі


20 наурызда уақытша президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңа қызметке кіріскенін білдіретін Қазақстан Конституциясына ант қабылдағаннан кейін мемлекет басшысы лауазымындағы бірінші ресми сөз сөйлеуінде Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерту идеясын айтты. Бірнеше сағаттан кейін Қазақстан парламентінің екі палатасының бірлескен отырысында мәжіліс және сенат депутаттары астананың атауын өзгерту үшін Конституциясына түзетулерді қабылдады.
Сонымен қатар Назарбаевтың құрметіне Қазақстанның көптеген қалаларында негізгі көшелердің атауы мен елодадағы халықаралық әуежайдың атауы өзгертілді.

4. АӘК көрсету критерийлерінің өзгеруі және азқамтылғандардың кредитін жабу

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудың өзгерген талаптары Қазақстанда 1 сәуірден бастап күшіне енді. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін көтеріледі және 20 789 теңгені құрайтын болады. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін критерий 1 сәуірден бастап өмір сүру деңгейі жоғары болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі жоғарылайтын Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысынан басқа барлық өңірлерде 20789 теңгеге дейін арттырылатын болды. Сонымен қатар АӘК қызметін көрсету процедурасы оңтайландырылады.
Сосын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» жарлыққа қол қойып, соған сәйкес ол көп балалы отбасылардың, мүгедектер мен жетім балалардың кепілсіз тұтынушылық борыштарын өтеуді тапсырған болатын. Бұл ретте несие 1 шілдеге дейін рәсімделген және олардың қарыздарының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс.

5. Қазақстандағы жаппай митингілер мен ұстаулар

1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы бейбіт шерулер нәтижесінде 80-ге жуық адам ұсталған болатын. Наразылық басқа қалаларда да өтті. Көшеге шыққан азаматтар сайлауды бойкоттауға шақырды, елорданың атауын өзгертуге және атом электр стансасын салуға қарсы шықты.
10-11 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда заңсыз митингілерге қатысқан 700-ге жуық адам ұсталды.
Оның артынан Қазақстанның көптеген қалаларында митингілер ай сайын өтіп отырды. Одан бөлек жалғыз адам болып пикетке шығудың бірқатар жағдайы тіркелді, олар негізінен саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

6. Президент сайлауы

10 маусымда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) алдын-ала қорытынды негізінде дүйсенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 маусымда өткен Қазақстан президенті сайлауының жеңімпазы деп жариялады.
Орталық сайлау комиссиясының ақпарына сәйкес Nur Otan партиясының кандидаты Тоқаев сайлаушылардың 6 504 54 (70,76%) даусын жинады, екінші орында «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов сайлаушылардың 1 472 733 (16,3%) даусын жинаған, үшінші орында «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева тұр, оған ОСК хабарынша, 478 153 қазақстандық (5,2%) дауыс берген.
Қазақстанның Коммунистік халық партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбеков 167 249 дауыс (1,82%), «Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рахымбеков – 294 271 (3,2%), Қазақстан Кәсіподақ федерациясының кандидаты Амангелді Таспихов – 190 304 (2,7%), «Ұлы дала қырандары» қозғалысының кандидаты Сәдыбек Түгел – 84 348 (0,92%) дауыс жинады.

7. Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыс

24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Жарылыс салдарынан төрт адам қаза тапты, 165 адам зардап шекті. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған.
23 тамызда ІІМ қылмыстық істер жөніндегі тергеу департаменті әскери-тергеу басқармасы Арыстағы арсеналдағы жарылыс дерегі бойынша әскери бөлім командирі мен оның орынбасарын – артиллериялық қару-жарақ сақтау базасының бастығын ұстады. Олар ҚР ҚК 462 бабы 3 бөлімі (жарылғыш заттарын қолдану ережесінің бұзылуы) және 453 бабы 2 бөлімі (ауыр салдарға алып келген немқұрайлық) бойынша күдікке ілінді.


8. Қоғамдық қозғалыстардың белсенділігі

Жас қоғамдық белсенділер тобы «Оян, Қазақстан» қозғалысын құру туралы мәлімдеді. Оның мақсаты азаматтардың құқықтары мен еркіндігін алға тарту, ел конституциясын өзгерту, парламенттік республикаға көшу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және т.б.
Тамыз айында Алматыда HAQ азаматтық бастама коалициясын құру туралы хабарланды. Коалиция құрудағы негізгі мақсат - түрлі қозғалыстарды, саяси партияларды және т.б. біріктіру, диалог орнату және елдің негізгі проблемаларын шешудің жол картасын әзірлеу.
Қазан айында Қазақстанның демократиялық партиясын құру туралы мәлімделді. Қазіргі таңда олар саяси бірлестікті тіркеуге қажет қол санын жинап жатыр. 23 қарашада Алматыда тұңғыш рет азаматтық бастамалардың «Real Haq Alany» жалпыұлттық Конгресі өтті, оған Қазақстанның әр өңірінен 60-қа жуық ҮЕҰ қатысты.

9. Облыстар мен ірі қалалар әкімдерінің ауысуы

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан әкімі болып тағайындалды, ал бұл қызметтегі Бақыт Сұлтанов сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды.
Алматы әкімі болып, президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Бақытжан Сағынтаев тағайындалды, ол бұл қызметте Бауыржан Байбектің орнына келді, ол болса Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне қайта оралды. Сонымен қатар, 2019 жылы Шымкент, Қостанай, Павлодар, Орал, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарының әкімдері ауысты.

10. Атыраудағы сәбилер өлімі

4 қазанда Атырау облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері жаңа туылған шақалақты өлтірді деген күдікке ілінген еді. Жаңа туылған сәби дәрігерлердің немқұрайлығынан өлі туылды деп рәсімделген, бірақ ол тірі болған.
Атырау облыстық перинаталдық орталығындағы тамыз (26 нәресте) бен қыркүйек (16) айларында жаңа туған шақалақтардың шетінеп кетуіне ауруханалық жұқпа – бактериалды аурухана ішілік жұқпа себеп болған. Белгілі болғандай, 2019 жылдың басынан бері Атыраудағы облперзентханада бір жасқа дейінгі 100 шақалақ шетінеп кеткен.

adimage