Биыл 88 мыңдай қазақстандық оқушы ҰБТ тапсырады

Күні: 11:18, 27-05-2015.

Астана. 27 мамыр. ҚазТАГ – Биыл 88 мыңдай қазақстандық оқушы ҰБТ тапсырады, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
«2-8 маусым аралығында Қазақстан Республикасында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. ҰБТ-ға қатысуға 87 782 оқушы өтінім тапсырған, бұл түлектердің жалпы санының 71%-ын құрайды, олардың ішінде қазақша оқыту тілімен – 62 384, орысша – 25 398», - делінген сәрсенбі таратылған хабарда.
ҰБТ-ның 165 пунктіде төртке бөлініп өткізілетіні хабарланады, олардың 116-сы аудан орталықтарында орналасқан, 49-ы – облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларының ЖОО ғимараттарында. Емтихан аудиторияларының саны – 1079.
Тестілеу ағынының ең көп саны Оңтүстік Қазақстан облысында жоспарланған.
БҒМ сондай-ақ әр пунктіде бірінші күні тестілеудің тікелей өзі өткізілетінін, екіншісінде – апелляцияларды қарастыру болатынын атап өтті.
«Бірыңғай талаптардың және тестік тапсырмаларды бағалау кезіндегі таласты мәселелердің шешілуін, сонымен қатар әр ҰБТҚП-да тестілеу жүргізу кезеңінде ҰБТ қатысушылары құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында апелляцияларды қарастыратын республикалық комиссия және апелляциялық комиссия құрылады. Облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында түлектер мен ата-аналардың ҰБТ өткізу кезіндегі жүгінулері мен шағымдарына жедел әрекет ету үшін ҰБТ үйлестіру және өткізу штабтары құрылады. ҚР БҒМ жанынан республикалық штаб қызмет ететін болады», - деп көрсетілген министрлік хабарында.


Жаңалықтармен бөлісу: