Британиялық сот Илья Храпуновтың активтерін бұғаттады - БАҚ

Күні: 09:36, 13-11-2015.

Алматы. 13 қараша. ҚазТАГ – Экс-банкир Мұхтар Әблязовтың күйеу баласы Илья Храпуновтың активтері БТА банк талабы бойынша бұғаттанды, деп хабарлады «Коммерсантъ» газеті.
«БТА банк Храпунов мырзаның үстінен британиялық сотқа шағым түсіріп, оны Мұхтар Әблязовтың активтерін жасыруға септігін тигізіп жүр деп айыптады. Сот бизнесі Женевада орналасқан Илья Храпуновқа қаражатына иелік етуге тыйым салды», - делінген мақалада.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары М. Әблязов «БТА Банкі» АҚ-ның 5 млрд АҚШ долларынан астам қаражатын ұрлаған және қылмыстық жолмен табылған табыстарды жылыстатқан ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен оған басшылық жасау деректері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда.
Аталған қылмыстық істер бойынша 2009 жылғы 6 наурызда М.К. Әбләзовқа оны ұстау мен экстрадициялау мақсатында қамауға санкция бере отырып, халықаралық іздеу жарияланған.
Алдымен $5 млрд шамасындағы сомаға алаяқтық жасағаны үшін Ресей айып тақты, кейін Украина құқық қорғау органдары да $400 млн сомасында заңсыз операциялар жасаған деп айып тақты. Осыдан соң кәсіпкер жасырынып кетіп, кейін оған интерпол желісімен халықаралық іздеу жарияланған.
М. Әбләзовты 2013 жылы шілдеде Францияда ұстады, ал 2014 жылы 24 қазанда Лионның аппеляциялық соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешімді заңды деп тапты және бұл ретте Ресейге экстрадициялауды басым деп таныды.
2015 жылы 17 қыркүйекте Франция премьер-министрі Манюэль Вальс М. Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешімге қол қойды.


Жаңалықтармен бөлісу: