Ең мықты валюта – адам еңбегі, деді Назарбаев

Күні: 16:40, 17-03-2016.

Астана. 17 наурыз. ҚазТАГ – Павлодарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еңбек ұжымдарының республикалық форумы өтті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Бүгін мұнда еліміздің және облыстардың ең үздік еңбек ұжымдарының өкілдері жиналды. Бұлар – шахтерлар, металлургтер, машинистер, теміржолшылар, мұнайшылар, жұмысшы мамандығының барлық өкілдері. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы металлургиялық балқыту пешінде, кен орындары мен шахталарда, зауыттарда, автокөлік жолдары мен теміржолдарда отандық экономика дамып жатыр. Мен жұмысшы мамандығының қандай екенін жақсы білемін», - деп келтірген бейсенбі күні Ақорда сайтында жарияланған хабарда Н.Назарбаевтың сөзі.
«Біз Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын жарияладық, «Еңбек даңқы» арнаулы орденін тағайындадық. Оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең мықты валюта – адам еңбегі», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің қарқынын сақтап, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктер ұсынып отырғанына назар аударды.
«Бүгінде индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы баламалы экономика құруды бастауымыздың арқасында бізде өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлемі қысқарған жоқ. Әлеуметтік міндеттемелерді толық орындап отырмыз, өйткені Қазақстан осындай қиындықтарды еңсеру үшін берекелі жылдары қор жинады», - деді ол.
Бұл ретте Қазақстан Президенті кәсіпорындар мен өндірістерде жұмыс орындарын сақтаудың маңыздылығын да айрықша атап өтті.
«Сондықтан барлық өңірде әкімдіктер мен жетекші кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтау, жұмыс берушілердің жергілікті қайта оқыту бағдарламаларына қатысуы туралы меморандумдарға қол қойылды. Осындай күрделі жаһандық дағдарыс ахуалында біздің мемлекет жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбек адамына деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп отыр. 1 қаңтардан бастап біздер әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын, студенттердің стипендиясын, әлеуметтік төлемдерді көбейттік. Бүгінде бірде-бір ел бұлай істеп отырған жоқ», - деп мәлімдеді Н. Назарбаев.
«Келер жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жөніндегі жаңа жоба іске қосылады. Соның арқасында миллиондаған қарапайым Қазақстан азаматы өмірге еңбек жолдамасын алады.  Бұл – мемлекет тарапынан жастарға жасалған зор қолдау. Қарапайым адамдардың күнделікті қажеттіліктері, жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы, құқық тәртібі мен елдегі тұрақтылық – біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында», - деп толықтырды ол.
Мемлекет басшысы алда келе жатқан Қазақстан тәуелсіздігінің  25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді.
«Өткен ширек ғасыр Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі болды. Біз елімізді танымал және беделді елге айналдырдық. Осының бәріне біз өзара сеніміміздің, тұтастығымыздың, бауырластық пен достығымыздың арқасында қол жеткіздік. Көптеген елдерде қасіретті оқиғалар орын алып жатқан кезде бұл өте маңызды. Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес өршіп тұр, қақтығыстар басылар емес, соғыс жүріп, адамдар қаза болып жатыр. Жүз мыңдаған босқындар  өз үйлерін, жиған дүние-мүлкін, Отанын тастап, баспана мен көмек сұрауға мәжбүр болуда. Ал Қазақстанда татулық пен келісім салтанат құрып отыр. Сол үшін барлық буынның өкілдеріне, барлық ұлттан шыққан азаматтарымызға айрықша алғыс айтамын», - деді ол.


Жаңалықтармен бөлісу: