ЕАЭО-пен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөз жүргізуге 30-дан астам ел өз ниетін білдірді

Күні: 18:04, 20-01-2015.

Астана. 20 қаңтар. ҚазТАГ - Куба Туратбеков. Еуразиялық экономикалық одақпен (ЕАЭО) еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөз жүргізуге 30-дан астам ел өз ниетін білдірді, деп хабарлады ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Тимур Жақсылықов.

«Еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөз жүргізуге 30-дан астам ел өз ниетін білдірді (ЕАЭО-пен - ҚазТАГ). Жалпы бұл интеграциялық процестердегі дұрыс бағыт, себебі ол кәсіпкерлеріміз үшін нарықтардың кеңеюін білдіреді. Еркін сауда аймағы дегеніміз не? Бұл біз өз нарығымызды ашамыз және есесіне келісім жасалған өзге мемлекеттердің нарығына жеңілдікпен кіруге мүмкіндік аламыз», - деді Т. Жақсылықов сейсенбідегі брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Вьетнаммен келіссөздер белсенді жүргізілуде.

«Өздеріңіз білетіндей, Вьетнам - 100 млн-ға жуық халқы бар Оңтүстік Шығыс Азиядағы белсенді дамып келе жатқан ел. Бірінші жартыжылдықта олармен келіссөз аяқталады деген ойдамын», - деп атап өтті ол.

Бұдан басқа, Т.Жақсылықов атап өткендей, құрамына төрт мемлекет кіретін Еуропалық еркін сауда қауымдастығы елдерімен және Жаңа Зеландиямен келіссөздер жүргізілуде.

«Сонымен қатар, өзге де елдер қосылуға ниетін білдіріп отыр, олар:Түркия, Үндістан, Израиль, Мысыр және өзгелер. Латын Америкадан 10 шақты мемлекет келіссөз жүргізуге ниетті екенін білдірді», - деп толықтырды ол.


Жаңалықтармен бөлісу: