Экс-премьер Ахметовты 10 жылға бас бостандығынан айырды

Қарағанды. 11 желтоқсан. ҚазТАГ – Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот бұрынғы ҚР премьер-министрі Серік Ахметовты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ахметов Серік Нығметұлы айыпты деп танылсын. Ақтық жаза ретінде мүлкін тәркілеп, 5 жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айру жазасы тағайындалсын», - деді  Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Исламхан Есенбаев.
Одан басқа, сот үкімімен Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев мүлкі тәркіленіп, 5 жылға сотталды. Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұлов пен «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ бұрынғы қызметкері Г. Матаевты сот әрқайсысын 3 жылдан бас бостандығынан айырды.
Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысының бұрынғы жоғарғы лауазымды шенеуніктеріне қатысты тергеу амалдары 2014 жылы басталған. Іс бойынша 20 күдікті өткен. Олардың арасында бұрынғы қорғаныс министрі С. Ахметов, Қарағанды облысының экс-әкімі Б. Әбдішев, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Г. Мұхамбетов, «ҰБХ «ҚазАгро» АҚ басқармасының экс-төрағасы Д. Айтжанов,  «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ бұрынғы лауазымды тұлғалары Ғ. Матаев пен Е. Қисықов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма экс-төрағасы Г. Рақымжанов, сондай-ақ «Металлургия-Металл өңдеу» Индустриялы паркі» (ММӨИП)» ЖШС бұрынғы жетекшілері мен директор орынбасар ы А. Эссе, Б. Ісқақов, О. Айменбетов, Қарағанды әкімінің экс-орынбасарлары М. Адамбеков пен А. Телғарин.
Сонымен қатар іс фигуранттары қалалық коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшылары А. Жәкенов, М. Шалтақов, қалалық сәулет және қала тұрғызу бөлімінің экс-басшысы мен қызметкері Қ. Мұсаев пен Б. Асқарова, Eco Treatment System және Sapa Project Group фирмаларының жетекшісі Д. Нұрбаев болып табылады.
Тергеу тұжырымы бойынша, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер кірген топ сыбайлас жемқорлық қылмыстар легін жасаған. Оларға ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру, лауазымды өкілеттерін кері пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу, құжаттарды жалған жасау айыптары тағылуда. С. Ахметов $2,4 млн (T360 млн) көлемінде пара алды деп күдіктелуде.
Бірақ кейін мемлекеттік айыптау жағы пара алған деген күдікті алып тастады. Прокуратура экс-премьер үшін мүлкін тәркілеп, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

adimage