Елбасы ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовты "Қазақстан Еңбек Ері" орденімен марапаттады

Күні: 19:25, 18-05-2016.

Астана. 18 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақын, қоғам қайраткері Олажс Сүлейменовке «Қазақстан Еңбек Ері» алтын жұлдызын тапсырды, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.
Ақорданың ресми сайтында жарияланғандай, Елбасы ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев О.Сүлейменовті 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның отандық зиялы қауымның көрнекті өкілі екенін атап өтті.
«Нағыз зиялы білімді ғана болып қоймай, ең бастысы қуанышта да, қиын сәттерде де әрдайым жұртпен бірге болып, ар-намыстың үлгісін көрсетеді, сол арқылы халық бірлігі мен мемлекет қуатын сақтайды. Сіз «Невада-Семей» қозғалысын басқардыңыз және Семей ядролық полигонын жабу ісінде зор көмек көрсеттіңіз. Кейінгі жылдары да жеңіл болған жоқ. Қазақстан шекарасының демаркациясын жүргізіп, тәуелсіздігін нығайту керек болды. Бұл істе де Сіздің үлесіңіз бар. Бүгінде зиялы қауым өкілдері мен бүкіл жастарымыз үшін үлгі болып отырсыз», – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев отандық әдебиетті дамытуға айрықша үлес қосқаны үшін, сондай-ақ татулық пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін О.Сүлейменовке «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызын тапсырды.
Мемлекет басшысы ақынға мықты денсаулық, отбасы бақытын және шығармашылық табыс тіледі.
О.Сүлейменов жоғары атақ берілгені үшін алғысын білдірді және бұл бүкіл Қазақстан әдебиетін қолдаудың көрсеткіші екенін айтты. Ол сондай-ақ өз шығармаларының барлығы халық пен елдің игілігін арттыру ниетімен жазылғанын айтып, мемлекетімізге бақытты болашақ тіледі.


Жаңалықтармен бөлісу: