Елбасы ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысына қатысты

Күні: 13:55, 16-10-2015.

Бурабай, 16 қазан. ҚазТАГ – Елбасы ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысына қатысты, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
Ақорданың ресми сатйында жарияланған хабарда айтылғандай, іс-шараға сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары С.Сатлыков, Молдова Республикасының сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары А.Галбур қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстан Президенті Кеңеске қатысушылар атынан А.Лукашенконы өткен сайлаудағы жеңісімен, сондай-ақ А.Атамбаевты Қырғызстанда парламенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД құрылғалы бері елдеріміздің арасында көпжақты ынтымақтастықты жандандыруды, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша интеграцияны тереңдете түсуді жақтағанын және бұл бағытын әлі жалғастырып келе жатқанын айтты.
«ТМД  – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі 11 мемлекетті біріктіретін бірегей құрылым. Біздің өңірде оған балама жоқ. Біз бұл жерде халықаралық саясаттың ең маңызды жайттары бойынша сенімді ауанда пікір алмасып, көпжақты ынтымақтастығымыздың кез келген мәселесін талқылай аламыз. Біздің бүгінгі іс-шарамыз ТМД-ны дамыту ісіне өз үлесін қосатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ бүгінгі отырысының күн тәртібі тығыз және көп екенін - 17 мәселе қаралатынын атап өтті.
Мәселелердің елеулі бөлігі қауіпсіздік және құқық тәртібін қамтамасыз етуге арналған, халықаралық шарттар топтамасына қол қою, бағдарламалық құжаттарды бекіту, сондай-ақ «ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күреске және БҰҰ 70 жылдығына арналған мәлімдемелерін қабылдау жоспарланған. Ұсынылған құжаттардың іс жүзінде зор мәні бар және оларды қабылдау елдеріміздің ынтымақтастығын нығайта түсуге ықпал ететін болады», – деді Елбасы.


Жаңалықтармен бөлісу: