Елордада Ұлы Отан соғысының ардагерлері пәтер кілттерін алды

Күні: 14:56, 20-03-2015.

Астана. 20 наурыз. ҚазТАГ – Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин Ұлы Отан соғысының (ҰОС) 6 ардагеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлердің кілттерін табыстады, делінген елорда әкімдігі сайтының хабарында.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және Наурыз мейрамының қарсаңында Астана қаласының әкімдігінде елордада тұрып жатқан бірқатар соғыс ардагерлеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлердің кілттері табысталды», - делінген жұма күні жарияланған хабарда.
Одан өзге, ҰОС ардагерлерінің пәтерлерінде жөндеу жүргізіп жатқаны хабарланған.
«Ардагерлердің материалдық-тұрмыстық тіршілік жағдайын тексеру қорытындысы бойынша жөндеуді қажет ететін 65 пәтер анықталды. Олардың басым бөлігі ескі үйлер. Қазір бірінші кезең бойынша жұмыстар аяқталуға жақын, жалпы жұмыс нәтижелері көңілімізден шықты. Бұл жақсы қолдау деп ойлаймын», - деді қалалық ардагер кеңесінің төраға орынбасары Есболат Дүйсенов.
Жөндеудің 2 кезеңмен жүргізіліп жатқаны нақтыланған. Наурыздың соңына дейін Астанада 34 ардагердің пәтерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, тағы 31 пәтерді жөндеу жазда басталады деп жоспарланған.
Майдангерлер пәтерлеріндегі жөндеудің демеушілік қаражат есебінен жүріп жатқаны атап көрсетіледі.
Бүгінгі күні Астанада 211 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрып жатыр.


Жаңалықтармен бөлісу: