Алматы. 14 қараша. ҚазТАГ - Финляндиядан Қазақстанға Қытай арқылы жаңа маршрут ашылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Хабарда айтылғандай, Солтүстік Еуропаның ең ірі көлік торабы бола алатын кішігірім фин қаласынан Коувола (Финляндия) – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) бағдары бойынша контейнерлік пойыздың бірінші құрамы аттанды. Пойыз 8,5 мың км. қашықтықты 10 күнде жүріп өтеді.
Салтанатты іс-шараға Финляндияның Әділет министрі Антти Хяккянен, Коувола қаласының мэрі Марита Тойкка, Қытай Елшісі Чэн Ли, Ресей Сауда өкілдігінің басшысы Сергей Синельников, сондай-ақ жаңа трансконтиненттік жобаны жүзеге асыруға атсалысқан төрт елдің іскер топ өкілдері қатысты.
Пойызды іске қосу ресми рәсіміне еліміздің атынан Финляндиядағы Елші Мұрат Нұртілеуов, Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Айгүл Құспан және «ҚТЖ-Экспресс» АҚ Контейнерлік тасымал департаментінің директоры Алмат Кәрімов қатысты.
Жаңа бағдар Қазақстанның Азия және Еуропа елдерімен бірге Елбасының бастамасы – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және оны «Белдеу және жол» қытайлық бастамасымен сабақтастыру аясында салған бесінші дәлізі болды.
Қазақстанның әріптес елдері делегацияларының басшылары еліміздің Еуразия кеңістігінде көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудағы және сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетудегі негізгі рөлін жоғары бағалады. 2016 жылғы желтоқсан айында Қазақстан, Финляндия, Ресей және Қытай арасында қол қойылған «Шығыс көлік дәлізін» ашу туралы келісімді жүзеге асыруға жауапты және жаңа бағдардың бас операторы – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының салмақты үлесі ерекше аталды.
Коувола қаласының мэрі Марита Тойкка Финляндия мен Қытай арасындағы теміржол қатынасын іске қосу жобаға қатысушы елдер үшін тарихи маңызға ие екеніне сенімді. Ал, Коувола қаласы Ұлы Жібек жолының «Шығыс қақпасына» айналмақ.
Өз кезегінде, Хяккянен Қазақстан, Қытай және Ресей тараптарына көрсетілген қолдау және тығыз ынтымақтастық үшін Суоми басшылығы атынан алғыс білдіріп, теміржол қатынасының жаһандық экономикада арта түскен рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Министр «Жібек жолы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, экологияны сақтау және қатысушылар арасында цифрлық технологиялар екпінінде белсенді алмасу үшін қосымша мүмкіндіктер ашып отыр» деген пікір білдірді.
Елші М.Нұртілеуов өзінің құттықтау сөзінде Астананың Еуразияда бейбітшілікті сақтауға, тұрақтылықты нығайтуға және экономикалық іс-әрекеттестікті кеңейтуге бейілділігін атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысының көптеген бастамалары Азия мен Еуропа арасындағы диалогқа қазірден табысты қызмет етуде.
«Мемлекетті және қоғамды жаңғырту арқылы терең өзгеріс енгізіп жатқан заманауи Қазақстанның өңірлік және жаһандық бастамалары тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға ғана емес, сондай-ақ халықтардың жақындауына, мәдени-гуманитарлық, технологиялық және ғылым-білім саласындағы алмасуға мүмкіндік туғызуда. Қазақстан Республикасының кешенді сыртқы экономикалық және сыртқы саяси бағытының көліктік-логистикалық құрамы мұндай игі қадамдардың жарқын үлгісі болды. ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК-ні қоса алғанда бірқатар көпжақты тетіктер мен институттардың қалыптасуында негізгі актор болған Қазақстан басшысы тараптардың Орталық Азиядағы мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізді және еліміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етті», – деп мәлімдеді отандық дипломат.
Қатысты сілтемелер
-
Астанада бір көшені салуға Т1,1 млрд жуық жұмсамақ
20 Қыркүйек 2024, 16:39 -
Алматыда бір балабақшаның құрылысына Т1,4 млрд жуық жұмсауды жоспарлап отыр
20 Қыркүйек 2024, 15:36