IMEI-кодтарын тіркегеннен кейін қазақстандықтар қандай проблемаға тап болуы мүмкін

Күні: 19:05, 19-12-2018.

Алматы. 19 желтоқсан. КазТАГ - Мәдина Әлімханова. IMEI-кодтарын тіркегеннен кейін ұялы телефон иелері телефондарын ұзақ уақыт жөндеуге бергенде немесе сатқан кезде кедергілерге тап болуы мүмкін.
«Абонент өзінің SIM-картасын салу арқылы бөтеннің құрылғысын қолдана алмайды», - делінген Beeline Казахстан-ның ҚазТАГ сауалына берген жауабында.
Теле-2 (Теле-2 және Altel брендтері) компаниясы да осыған ұқсас ақпарат берді.
«Бөтеннің ақпаратымен ЖСН-ның болуы біздің базада техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Егер тіркелген кезде абонент бөтен ЖСН көрсетсе, онда жүйе оны тіркемейді және оның тіркелуіне көмек көрсету үшін жақын маңдағы байланыс салонына баруына кеңес береді», - делінген жауапта.
Өз кезегінде, Kcell компаниясы егер нөмір тіркелген ақпарат IMEI-код тіркелген ақпаратпен сәйкес келмесе оған қызмет көрсетуден бас тартылатынын жеткізді.
«2019 жылы жаңа ереже күшіне енеді, соған сәйкес ұялы байланыс операторы келесідей жағдайларда абоненттік құрылғыны тіркеуден бас тартатыны айтылған: 1) ИКМБ-да ( IMEI-код мәліметтер базасы – ҚазТАГ) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының басқа иесі тіркеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сондай сәйкестендіру кодының болуы; 2) егер абоненттік нөмір басқа адамның атына тіркелген болса», - делінген хатта
Соған байланысты компания бұрын қолданыста болған телефонды сатып алу барысында «сатып алған мобильді құрылғысын қолдана алмай қалу жағдайына жол бермес үшін сол жерде бұрынғы иесінің оны тіркеуден шығарған-шығармағанын тексеріп алуы керек», себебі SIM-картаны ауыстырған жағдайда құрылғыны тіркеу қажет болады, ал оны алдыңғы тіркелімнен шығармаған болса, қайта тіркеу мүмкін емес.
Бұл ретте, тек бір компанияның ғана құрылғыны тіркеуден алып тастай алатын USSD-командасы бар. «Айталық, сіз өзіңіздің ескі телефоныңызды сатқыңыз немесе сыйға бергіңіз келеді. Олай болса, сіздің ескі телефоныңыздың келесі заңды иесі оны толыққанды қолдана алуы үшін телефонның алдыңғы тіркелімін өз бетіңізбен алып тастауыңыз керек. Содан кейін оның жаңа иесі телефонды өзіне тіркей алады. Біздің желімізде оны USSD *660# өтініш беру арқылы жасауға болады», - деп атап өтті Kcell.
«Телефонды тіркеуден алып тастау немесе бұғаттаудан шығару қызметін 2019 жылы ғана жүзеге асыру мүмкін болады. Қазіргі таңда оның қызметі байланыс операторларымен кеңесу арқылы дайындалып жатыр», - деп хабарлады Beeline.
Теле-2 мәлімдегендей, «нөмір мен абоненттік құрылғыға байланыстыра отырып, тіркелім мәліметтерін өзгерту абоненттің тек өзінің келісімі арқылы ғана мүмкін болады» деді, олар қазіргі таңда тіркеуді алып тастаудың техникалық мүмкіндігінің бар-жоғы туралы сұраққа жауап бермеді.
Бұл ретте, сервис-орталықтарында сараптамадан өткізу қажеттігі немесе ұзақ мерзімге жөндеуге тапсыру қажеттігі туындаған жағдайда өз аппаратын SIM-картасымен бірге беруіне тура келе ме деген сұраққа, себебі шебер немесе сарапшы телефон жұмысын (қоңыраулар, SMS, мобильді интернет және т.б.) SIM-картасыз тексере алмайды, Kcell компаниясы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігіне жүгінуге кеңес берді.
Теле-2 болса, құрылғыны тексеру кезінде иесінің қасында болуына кеңес берді.
«Ондай болуы толық мүмкін. Ол жағдайда абонент өзін болуы мүмкін теріс пайдаланушылықтардан қорғаудың барлық шараларын қолдануы керек. Атап айтсақ, шеберден құрылғыны тексеруді өз көзінше жүргізуді талап етуі немесе мобильді ресурсты шектеуі керек», - делінген мәтінде.
Beeline Қазақстан болса, өз кезегінде жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде құрылғыны шебердің атына тіркеуге кеңес береді.
«Заң мен тіркеу ережелеріне сүйенсек, солай болып отыр. Я абонент жөндеу уақыты кезінде құрылғыны шебердің сим-картасына қайта тіркейді, сосын кері жасайды, яғни шебердің тіркелімінен алып, өзіне қайта тіркейді. Құрылғыны алып тастау\байланыстыру әрекетін онлайн арқылы жүргізуге болады», - деді компанияда.
Үш оператор да бір ЖСН-ға тіркелуі мүмкін құрылғы санына шектеу қойылмағанын атап өтті.
Еске салсақ, «Байланыс туралы» ҚР заңына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы барлық ұялы байланыс операторлары өздерінің мобильді құрылғыларын жаңа ережеге сәйкес құрылғының IMEI-коды мен телефон иесінің ЖСН арқылы тіркетпеген жағдайда оларға қызмет көрсетуге құқылы емес.


Жаңалықтармен бөлісу: