«Халық қаһарманы» атағы гранатаның жарылуы кезінде қатардағы жауынгерді құтқарғаны үшін полковник Қайрат Үмбетовке, Fokker100 жолаушылар ұшағының командирі Дмитрий Родинге берілді

Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үмбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тиісті жарлығы ресми басылымда жарық көрді.
«Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін – жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі –«Халық қаһарманы» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденімен Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы- Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары марапатталсын», - делінген құжат мәтінінде.
Еске салсақ, 7 сәуірде Қарағанды облысындағы 6505 әскери бөлімінің жекелеген атқыштар ротасының оқу орталығында мерзімді қызмет жауынгері Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 әскери гарнатасымен жаттығу жасау кезінде оны нысанаға қарай лақтырады, алайда ол брустверге барып түседі. Аталмыш учаскедегі жетекші полковник Қайрат Үмбетов жауынгерді қауіпсіз жерге қарай итеріп жіберіп, оны өзінің денесімен көлегейлейді. Жарылыс нәтижесінде Қ.Үмбетовтың иығы мен аяғына жарқыншақ тиіп жараланды, ал қатардағы жауынгер А.Сұлтанқұловтың аяғы болмашы ғана жарақаттанады

«Fokker-100» әуе кемесінің командирі Дмитрий Родинге «Халық қаһарманы» атағы берілді. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тиісті жарлығы ресми басылымда жарияланды.
«Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені Родин Дмитрий Олеговичке – «Fokker-100» әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы, тапсырылсын», - делінген құжат мәтінінде.
Еске салсақ, «BekAir» авиакомпаниясының «Фоккер-100» типті әуе кемесі «Қызылорда-Астана» бағдарымен рейс орындау барысында шассидің алдыңғы тіреу тағанынсыз апаттық жағдайда жерге қонған. Ұшақ бортында 121 адам болған, оның ішінде 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі. Жапа шеккендер жоқ . Әуе кемесі экипажының ұйымдасқан және сәтті қимылының арқасында ұшақ жолаушылары аман қалды. Әуе компаниясында атап өткендей, экипаж әрекеттері дұрыс болған.
Кейін авиакомпанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Fokker100 ұшағының апатты жағдайда қонуына құрылымдық-өндірістік дефект себеп болған.

adimage