Халықаралық баспасөз институты Матаевтарға шығарылған үкімге түңіліп, биліктен оларды шұғыл түрде босатуға шақырып отыр

Күні: 10:29, 06-10-2016.

Алматы. 6 қазан. ҚазТАГ – Халықаралық баспасөз институты (The International Press Institute (IPI) Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы -  ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа шығарылған үкімді сынға алды.  
«Біз бұл шешімге (Матаевтарға қатысты үкімге – ҚазТАГ) өте түңілдік және биліктен шұғыл түрде оларды босатуға шақырамыз», - деді ІРІ коммуникация жөніндегі директоры Стивен М. Эллис.
IPI мәліметінше, Орталық Азия өңіріндегі БАҚ бостандығы шектеулі. Сарапшылар тәуелсіз БАҚ-тарға қатысты жағдай мұнда одан сайын нашарлайды деп болжап отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, 3 қазанда Астана қаласының №2 Есіл аудандық сотында Сейтқазы мен Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі жарияланды. Сөйтіп, Қазақстан журналистер одағының басшысын мүлкін тәркілеп, 6 жылға бас бостандығынан айыру, ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың жеке мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Жаңалықтармен бөлісу: