ХХІ ғасырда «әскери қызметші қыз-келіншек» немесе «сарбаз қыз» деген кәсіптің болуы ешкімді таң қалдырмайды - Тасмағамбетов

Күні: 16:53, 21-07-2015.

Астана. 21 шілде. ҚазТАГ – ХХІ ғасырда «әскери қызметші қыз-келіншек» немесе «сарбаз қыз» деген кәсіптің болуы ешкімді таң қалдырмайды, деп есептейді ҚР қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
«Бүгін, 2015 жылғы 21 шілдеде ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметші қыз-келіншектері арасында өткен «Батыр арулар» бірінші республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті», - делінген ведомство сайтында сейсенбі күні жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, Қазақстан армиясының он екі үздік өкілін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов құттықтады.   «Батыр арулар» байқауы ер-азаматтармен тең дәрежеде иық тіресіп Отанға қызмет етуге арнаған әскери қызметші қыз-келіншектерді табуға және олардың қызметі туралы айтып беруге мүмкіндік берді. Олардың қызметі үлгі аларлықтай, ал жұмыс күндері әскери қызметпен біте қайнасқан. Әлемдік тарихта «жауынгер қыз» айрықша ұғым болып саналатын. Алайда, ХХІ ғасырда әскери қызметші қыз-келіншек немесе сарбаз қыз деген кәсіптің болуы ешкімді таң қалдырмайды. Бұның бір жарқын көрінісі ретінде «Батыр арулар» байқауын айтуға болады», - деп атады министр. Қатысуға өтініш білдірген сәттен бастап салтанатты рәсімге дейін нәзік жанды аруларға ауыр болып саналатын сынақтардан қыз-келіншектер мүдірмей өтті. Олар қарудан оқ атты, гранаталар лақтырды, барлық кедергілерді еңсерді, өзеннен жүзіп өтті, қуатты жауынгерлік машиналарды жүргізді. «Бір кездері өз өмірін армиямен байланыстыруға бел буған арулар үшін бұл жұмыс қана емес, өмір сүру салты және үлгісі. Бұл байқау кәсіпке деген қабілетіміз бен сүйіспеншілігімізді көрсетуге керемет мүмкіндік болды. Сіздің қолыңыздан марапат алу – біз үшін үлкен құрмет және жауапкершілік», - деп байқау жеңімпаздарының бірі аға лейтенант Әлия Хайруллина атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, «Батыр арулар» ҚР ҚК әскери қызметші қыз-келіншектері арасындағы бірінші республикалық байқау. Аталған сайысқа қазақстандық армияның барлық өкілдері қатысуға мүмкіндік алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен өтініш жолдаған 123 қатысушының суреттері мен жеке сауалнамалары ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына орналастырылды және бір жарым ай бойы интернет пайдаланушылардың дауысын жинады. Қырық күн бойы жүргізілген онлайн-дауыс беру нәтижесінде қатысушыларға өте көп 255 725 дауыс берілді. Байқау қазақстандықтардың ғана емес, өзге де елдердің тұрғындары арасында қызығушылық туғызды. Дауыс беруге Ресей, АҚШ, Германия, Индонезия және Үндістан елдерінің интернет пайдаланушылары белсене қатысты. Нәтижесінде бірнеше сынақтардан сүрінбей өтіп, өздерінің жауынгерлік әзірлігін, шыдамдылығы мен мықтылығын дәлелдеген 12 әскери қызметші жеңімпаз аталды. Олар  Қазақстан Қарулы Күштерінің лайықты өкілдері болып табылатынын дәлелдеді. Байқау соңында аруларды кәсіби стилистердің қолынан әрлендіру және «Батыр арулар» байқауының әрбір жеңімпазы әр парақты көркейте түсетін мамандандырылған күнтізбеге арналған фотосессиядан өтті.


Жаңалықтармен бөлісу: