Кірме жолдардың болмауынан «Қаламқас» кен орнындағы өртті сөндіру мүмкін болмай жатыр

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Кірме жолдардың болмауынан Маңғыстау облысы «Қаламқас» кен орнындағы өртті сөндіру мүмкін болмай жатыр, деп хабарлады «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен.
«Қазіргі таңда өртті сөндіруге Маңғыстау облысы ТЖД, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамдағы 53 адамы мен 12 бірлік техникасы жұмылдырылған. Көшпелі лафетті діңгекпен өртті сөндіруге талпыныс жасалды, алайда өрттің негізгі көзіне апаратын кірме жолдардың болмауынан оны сөндіру мүмкін болмады», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Еске салсақ, 25 наурызда сағат 07.10-да Маңғыстау облысы ТЖД кезекші-диспетчер қызметіне Маңғыстау ауданы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 ш.м. алаңда ашық өрт шыққан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндіру орнында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб ұйымдастырылды.
Өрттің шығуына бұрғылау ұңғымасындағы апат себеп болған. Атап айтсақ, 24 наурызда белгілі болғандай, 13 наурызда сағат 17.30-да «Қаламқас» кен орнында «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау) жобалық тереңдігі 903 м №8237 ұңғымасын бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылауы орын алған. Қазақстан энергомині апаттың салдары 24 наурыз кешке дейін жойылады деп мәлімдеген еді.

adimage