Ұлттық баспасөз клубының вице-президенті және ҚазТАГ бас директоры Александр Кимасов дүниеден өтті

Күні: 17:30, 21-09-2015.

Алматы. 21 қыркүйек. ҚазТАГ – Ұлттық баспасөз клубының вице-президенті және ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Александр Кимасов дүниеден өтті, деп хабарлады Мәскеудегі редакциядан оның ұлы Максим.

«Әкем соңғы кездері қатты ауырып жүрді, бірақ білдірмеді. Жақында оның туған күнін атап өттік. Ол достары мен әріптестері қалған Қазақстанды үнемі есіне алып отыратын. Өмірден ешкімге ешқандай ауыртпалық түсірместен кете барды... Жерлеу рәсімдері әлі нақтыланған жоқ, кейінірек телефон шаламыз», - деді Максим Кимасов дүйсенбіде телефон арқылы.

Александр Максимович Кимасов 1936 жылы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Шемонаихина ауданы Выдрих ауылында дүниеге келді. Өскемен педегогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімі бойынша бітірді. Еңбек жолын Лениногор полиметалл комбинатының бұрғылау шебері болып бастады. Институтты тәмамдаған соң лекторлық тобының жетекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті саяси ағарту үйінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы ОК лекторлық тобының жетекшісі қызметтерін атқарды.

1991 жылдан бастап А.Кимасов – Қазақстанның баспасөз қызметінің кеңесшісі, 1997 жылдан бастап Ұлттық баспасөз клубының вице-президенті. 2008 жылы ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры болып тағайындалды. Оның жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында – ҚырТАГ, ТәжікТАГ, АуТАГ, ӨзТАГ, ИрТАГ және Silkroadnews шетелдік агенттіктері ашылып, қырғыз, тәжік, дари, өзбек, парсы және қытай тілдерінде жаңалықтар таратып келеді.

А.Кимасовтың бірқатар үкіметтік наградалары бар, ол - «Қазақстанның құрметті журналисі» және Республиканың журналистер одағы премиясының лауреаты.


Жаңалықтармен бөлісу: