Маңызды реформаларды жүзеге асыруда сенаттың рөлі зор – Тоқаев

Астана. 4 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, маңызды реформаларды жүзеге асыруда сенаттың рөлі зор, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Бүкіл еліміздің алдында тұрған міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді», - деді Тоқаев дүйсенбідегі сенат отырысында.
Мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді.
«Өздеріңізге мәлім, менің Жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім», - деді мемлекет басшысы.
Бүгінгідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін Сенат депутаттарын жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына « мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарған» Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ», - деді Тоқаев.
Бұған дейін Әшімбаевты мемлекет басшысы сенатор қызметіне тағайындады, кейін Парламенттің жоғары палатасының спикері болып тағайындалды.

adimage