Матаевтар ісі бойынша сот тергеу материалдарын тексеруге көшті

Күні: 17:57, 16-09-2016.

Астана. 16 қыркүйек. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаевтың ісі бойынша сот тергеу материалдарын тексеруге көшті, деп хабарлады агенттік тілшісі.  
«Қазақтелеком» АҚ бойынша іс материалдарын тексеруге көшеміз», - деді Астананың №2 Есіл аудандық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев жұмадағы сот отырысында.  
«Мәртебелі, мен тексеруге өтуге қарсымын. Бізде куәлардан жауап алынған жоқ, «Қазақтелеком» бойынша сот-экономикалық сараптама жүргізген сарапшыдан жауап алынған жоқ. «Қазақтелеком» бойынша қорытынды жасаған аудит мамандары да жоқ.  Егер сарапшылар өз қорытындыларын растай ма, жоқ па ол туралы мәлімдеме жасамаса, қалайша тексереміз», - деп қарсылық білдірді   адвокат Андрей Петров.
Өз кезегінде адвокат Мәдина Бакиева қорғаушы тараптың процесс материалын тексеру кезеңіне дайындалуға мүмкіндіктері болмағанын мәлім етті.  
«Біз айыптау тізімін көріп отырмағандықтан, аталмыш эпизод бойынша әлі де 25-30 куәдан жауап алынған жоқ деп және аталмыш эпизодты қарауды аяқтауға әлі ерте деп  санаймыз», - деді ол.
Судья қорғаушыны түзетіп, жауап алынбаған куәлер санын көбейтпеуді сұрады.  
«Кәне, адвокаттар айтқандай, сарапшы Юсуповаға қатысты емес, ал қалғандарын тексерейік. Оған Қылмыстық-процессуалдық кодекспен тыйым салынбаған», - деді  судья.
Бұған дейін сотта «Қазақтелеком» компаниясының зардап шегуші тарапының өкілінен жауап алынған еді.  


Жаңалықтармен бөлісу: