Матаевтар ісін «Әділ сөз» қоры 2016 жылдың ең шулы ісі деп атады

Алматы. 21 желтоқсан. ҚазТАГ – Сейтқазы мен Әсет Матаевтардың ісін «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры 2016 жылдың ең шулы ісі деп атады, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.  
«2016 жылдың ең шулы ісі деп сот және тергеу барысында құқықтары өрескел бұзылған, сөйтіп оларға алаяқтық және салық төлеуден жалтару айыптары тағылып, сәйкесінше 6 және 5 жылға сотталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейтқазы Матаев пен ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің директоры Әсет Матаевтың ісін атады», - делінген сәрсенбіде баспасөз мәслихатында таратылған баспасөз парақшасында.  
Бұл ретте «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева 2016 жылы сөз бостандығына қатысты қылмыстық істер санының бірден өскенін атап өтті.  
«2016 жылдың қорытындысы көңіл көншітпейді деп айтуға болады. Сөз бостандығына қатысты қылмыстық істер саны күрт өсіп кетті. Журналистер көптеп ұсталды, бұл, бірінші кезекте, 21 мамырдағы митингі туралы хабар таратумен байланысты», - деді ол.  
Баспасөз парақшасында атап өтілгендей, ондай қылмыстық істер саны 2016 жылы 87 болды.  
«2016 жыл сөз бостандығына қатысты қылмыстық істер санының артуымен ерекшеленді: 2015 жылы -77 және 2014 жылы 38 болса, биыл 87.  Жала жабуға қатысты жағдай да сондай: 2015 жылы 35, 2014 жылы 20, ал биыл 46», - делінген баспасөз парақшасында.  
Өз кезегінде «Әділ сөз» қорының заңгері Ганна Красильникова атап өткендей, БАҚ туралы жаңа заңның кеңінен талқыланғанына қарамастан журналистер қауымдастығы алға тартқан ұсыныстардың көбі назарға алынбады, ал жаңа заң журналистер жұмысына көмектесудің орнына, БАҚ қызметін реттеуге бағытталған.  
Г.Красильникова жаңа заңға сәйкес, журналистер ақпаратты тексеруге міндетті, бұл ретте олар тиісті мүмкіндіктермен және өкілеттіктермен қамтамасыз етілмегенін қадап айтты. Г.Красильникованың пікірінше, бұл журналистерді жауапқа тарту жағдайларының артуына алып келуі мүмкін.  
Заңгер мәлімдегендей, заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері заңға «қате жіберу құқығы» және «ақ ниетпен адасу» секілді түсініктерді енгізуге бар күштерін салуда.  
«Біз жаңа заңға «қате жіберу құқығы» және «ақ ниетпен адасу» секілді түсініктерді енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл екі құқық бүкіл әлемде журналистерге қатысты қолданылады. Бізде тәжірибеде ақ ниетпен адасуды ғайбаттау түрінде қабылданған жағдайлар кездесті», - деді ол.
Бұл ретте Т.Калеева атап өткендей, БАҚ туралы қолданыстағы заңға енгізілген түзетулер 98% құраған.
«Қолданыстағы заңға қазірдің өзінде  98% түзету енгізілген, ал заңнамаға сәйкес, егер заңнамаға 45% түзету енгізілетін болса, онда жаңа заң қабылдану керек. Біздің заң шығарушылар бұл норманы 2 есеге арттырып жіберді», - деп атап өтті ол.  
«Әділ сөз» қорының ақпарынша, БАҚ туралы жаңа заңды қабылдауды 2017 жылы парламентке жолдау жоспарланып отыр.  

adimage