Матаевтардың ең басты сот отырысы Астанада 23 тамызға тағайындалды

Күні: 13:28, 03-08-2016.

Астана. 3 тамыз. ҚазТАГ – Бауыржан Мұқанов. ҚР журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаевтың басты сот отырысы Астанада 23 тамыздың таңғы 10.00 сағатына тағайындалды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Басты сот отырысы 2016 жылғы 23 тамыз 10.00 сағатқа тағайындалсын және Астананың Есіл аудандық №2-ші сот залында ашық сот отырысында өткізілсін», - деді Астананың Есіл аудандық №2-ші сот төрағасы Ақболат Құрмантаев сәрсенбі күнгі алдын ала тыңдауларда.
Мұның алдында Астананың №2-ші Есіл аудандық соты Сейтқазы мен Әсет Матаевтардың адвокаттарының оқшаулау шарасын үй қамауынан кепілдікке алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған болатын.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевқа қатысты қылмыстық іс Астананың №2-ші Есіл аудандық сотына келіп түсті.
Еске салсақ, Алматының жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 12 шілдеде істі Алматы прокуратурасына жіберді. 21 шілдеде прокуратура айыптау актісін С. Матаевқа табыстады және қылмыстық істі Астананың Есіл аудандық №2-ші сотына тапсырды.
ҚР журналистер одағының төрағасы С. Матаев жұртшылық және халықаралық баспасөз өкілдері қатысатын ашық сотта барлық айыптауларды теріске шығармақшы.
Бірқатар шетелдік БАҚ-тар, оның ішінде ВВС, Азаттық радиосы, Неміс толқыны, Рейтер, Франс-пресс, Ассошиатейд пресс, Гардиан, НТВ, Россия-24, Эхо Москвы, РБК, Московский комсомолец, Новая газета және т.б. сонымен қатар халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар, Халықаралық журналистер федерацияы, Халықаралық баспасөз институты, ТМД және Балтық жағалауы Журналистер одағының конфедерациясы, Орталық Азия мемлекеттерінің журналистер одақтары С. Матаевтың сотына қатыспақ ниетінің барлығын мәлім етті.


Жаңалықтармен бөлісу: