Наурыздың ортасынан бастап тіркелмеген қазақстандықтар айыппұл төлейді

Күні: 17:05, 23-01-2017.

Астана. 23 қаңтар. ҚазТАГ  Оксана Скибан. Қазақстанда тіркелмегені үшін әкімшілік жауапкершілік ағымдағы жылдың наурыз айының ортасынан бастап, тіркеудің жаңа ережелері әзірленгеннен кейін ғана енгізілетін болады, деп мәлім етті ҚР ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайынов.
«Наурыз айының ортасына дейін тіркелмей тұрып жатқаны үшін ешкім әкімшілік жауапқа тартылмайды. Азаматарда әлі 1,5 ай бар, олар осы уақыт ішінде асықпай ХҚКО немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы өзінің тұрып жатқан жерін заңдастыра алады»,- деді С. Сайынов дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында.  
Оның айтуынша, осы мерзімге дейін арнайы тексерістер жүргізілмейді.  
«Егер білетін болсаңыздар, Алматыда Универсиадаға дайындық бойынша шұғыл-профилактикалық шаралар аясында ғана тексерістер жүргізілді. Бұл халықаралық маңызды шара. Басқа өңірлерде қандай да бір тексерістер жүргізілген жоқ және наурыз айының ортасына дейін ешқандай құқыққорғау органы ондай тексерулерді жүргізбейді», - деді көші-қон полициясының басшысы.
Бұл ретте, ол еске салғандай, «заңды жүзеге асыру бойынша премьер-министрдің жарлығы шықты. Ол жарлықта сәйкестендірілуі тиіс нормативті-құқықтық актілердің барлығы көрсетілген».
«Оны сәйкестендіруге уақыт белгіленді  ағымдағы жылдың ақпан айы. Бізде бұл үкімет қаулысымен бекітілетін ішкі мигранттарды тіркеу ережесі. Мерзімі  ағымдағы жылдың ақпан айының соңында біз оны үкіметке кіргізуіміз керек. Үкіметте бекітілгеннен кейін ол БАҚ-та жарияланады, және жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң ол заңды күшіне енеді. Сондықтан бізде әзір әкімшілік заңнама нормалары қолданылмайды», - деді С. Сайынов.
Еске салсақ, 2016 жылдың 22 желтоқсанында ҚР президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.  
Аталмыш заң 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.  
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың 7 қаңтарынан бастап тұратын жері бойынша тіркелмеген пәтерін жалға берушілерге қатысты 10 АЕК (Т22 690) көлемінде және пәтерді жалдап тұрып жатқан азаматтарға 7 АЕК (Т15 883) көлемінде айыппұл салынады.


Жаңалықтармен бөлісу: