Назарбаев 1 сәуірден бастап көмекке аса мұқтаж және көп балалы аналарға әлеуметтік жәрдемақы төлеуді бастауды тапсырды

Астана. 6 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 сәуірден бастап көмекке аса мұқтаж және көп балалы аналарға әлеуметтік жәрдемақы төлеуді бастауды тапсырды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс. Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет», - деді Назарбаев сәрсенбіде әлеуметтік мәселелерді жүзеге асыру мәселелері туралы жиында.
Жиынға Премьер-Министр А.Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев және Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова қатысты.
Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырдық. Мен тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатынмын. Біз бүгін соларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жан-жақты талқылаймыз", – деді Қазақстан Президенті.
Басқосуда Мемлекет басшысына Үкіметтің жүктелген міндеттерді орындау, соның ішінде әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жоспары таныстырылды.
Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған соң, Елбасы халықтың көмекке мұқтаж санатына жататындардың бәріне әлеуметтік жәрдем беру қажет екенін айтты.
«Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан, мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдерінің жұмыстарын бағалау азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне және тұрмыс сапасына тікелей байланысты болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы өңірлерде жалақыны өсіру жөніндегі шараларды уақтылы қабылдаудың, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелі реформалар жүргізудің, тұрғын үйлер мен ішкі аудандық жолдарды салу қарқынын күшейтудің, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен экология проблемаларын шешудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Құтты мекен» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
«Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері өңірдегі тұрғындардың өзекті мәселелерін жеке бақылауға алып, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасау негізгі бағыттың бірі саналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың тиімділігін арттырып, бұл үдеріске тұрғындардың белсенді атсалысуы қажеттігін атап өтті.
«Ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Мемлекеттік аппараттың міндеті – шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға күш жұмылдыру. Бұл жұмысты барлық қалаларда, аудандар мен ауылдарда жаппай жүргізу қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жүктелген міндеттердің орындалу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.
«Үкімет, әкімдер, жұртшылық және Нұр Отан» партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуға тиіс. Мен бұл үдерісті өзім қадағалап отырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске салсақ, 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының съезінде президент Назарбаев Ұлттық қордан 2021 жылға дейін әлеуметтік және инфрақұрылым жобаларына Т1,230 трлн. бөлуді тапсырған болатын.
Елдегі әлеуметтік жағдай Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін ушығып кетті. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған. Көптеген қазақстандықтың пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде азаматтардың жұмысқа орналастыру және жалақыларын көтеру туралы жаппай талап қоюы, сондай-ақ ірі қалалардағы, соның ішінде Астана мен Алматыдағы көп балалы аналардың митинг өткізуі халықтың көңілі толмаушылықтың нәтижесі болып отыр.
Осы жағдайларға байланысты Назарбаев экс-премъер Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметті отставкаға жіберді. Жаңа үкіметті бұрынғы бірінші вице-премьер Мамин басқарды.
5 наурызда ҚазТАГ ХАА 2019 жылы Ұлттық қордан бөлінетін кепілді трансферт көлемін 2,7 трлн дейін жеткізу жоспарланып жатқанын хабарлаған еді. Мамин түсіндіргендей, бұл - «Нұр Отан» партиясының азаматтарды әлеуметтік қолдауды арттыру бойынша кезекті XVIII съезіндегі мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін берілген тапсырма.

adimage