Назарбаевқа «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығын тапсырды

Күні: 16:45, 28-10-2014.

Астана. 28 қазан. ҚазТАГ – 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлады президент баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды.
Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты.
Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.
«Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретіндігін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуына тілектестік білдірді.
Одан басқа, форум аясында, мемлекет басшысы Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен кездесуде екіжақты, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымдағы мәселелері қарастырылды.
Ал Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттелмен кездесуде сауда және инвестициялық бағыттарды қоса қамтитын экономикалық өзара іс-қимыл аспектілері талқыланды.
Бұрын хабарланғандай, Дубайда (БАӘ) «Экономикалық өсу үшін инновациялық серіктестік» тақырыбында X Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өтуде. Форумда бірқатар елдердің мемлекет басшылары мен үкімет басшылары және халықаралық ұйымдар, іскер топ өкілдері, сарапшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысуда.


Жаңалықтармен бөлісу: