Назарбаев Астананы халқының саны миллион қала деп жариялады

Күні: 13:32, 04-07-2016.

Астана. 4 шілде. ҚазТАГ – Байтас Құрманов. Қазақстан президенті Астананы халқының саны миллон қала деп жариялады.
«Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Бұл қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді, – деді Н. Назарбаев дүйсенбі күні ҚР мемлекеттік туын көтеру рәсімінде.
«Бүгін ертеңгісін Мұхамедияровтар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы – балабақша тәрбиешісі, әкесі – электр монтері. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді. Сіздерді құттықтаймын», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
«Бұл – тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл тойлайтын еліміздің асқақ рәмізі. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл –  еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
«Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Астана әкімшілігінің мәліметтерінше, бүгін сағат 01:00 №1 перинаталды орталықта қыз туды. Елорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, ол ата-анасының тұңғышы. Анасы – №9 «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешісі Арайлым Мұхамедьяр (1994 ж.т.), әкесі - «Астана-РЭК» маманы Олжас Мұхамедьяр (1992 ж.т.).
Қала әкімі Әсет Исекешев ерлі-зайыптыларды құттықтап, пәтер кілтін табыстады. Жас отбасы ата-анасымен тұрады, сондықтан бұл олар үшін нағыз тосын сый болды.
«Бүгін мен үшін қос мереке – әкемнің туған күні және қызым дүние есігін ашып отыр. Оның үстіне, пәтер кілтін табыстады. Мемлекет басшысына алғыс айтамын, жасалған жағдайлардың арқасында сап-сау қыз тудық. Ай сайын, жыл сайын халқымыздың саны арта берсін деп тілеймін. Әке мен ана болу бақытын әркімнің басына берсін», - дейді қызының есімін Саида деп қойған бақытты әке.
18 жылда ерлордада бала туу көрсеткіші екі есеге өсті, ана мен сәби өлімі 5 еседен артық төмендеген. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік денсаулық жүйесіне баса назар аударуының арқасында қолжеткізілді. Күн сайын елордада 75-80 бала туады. Өткен жылы Астанада 26110 нәресте, ал үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 13740 сәби дүниеге келген. Қаладағы перинаталды орталықтардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша қауіпсіз ана қағидаты бойынша жұмыс істейді.


Жаңалықтармен бөлісу: