Назарбаев Бердымухамедовті Түркменстан президенттігіне өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Күні: 19:10, 13-02-2017.

Астана. 13 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гурбангулы Бердімұхамедовке Түрікменстан Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Қазақстан Президенті жеке өзінің және ел халқының атынан Г.Бердімұхамедовті Түрікменстандағы президент сайлауында жеткен жеңісімен құттықтады.
«Өткен сайлау нәтижесі – халықтың тұрмыс деңгейін арттырып, елдің халықаралық беделін нығайту жолындағы Сіздің жүзеге асырып отырған саясатыңызға Түрікменстан азаматтарының сенімінің және қолдауының көрсеткіші.
Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бастап Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық әріптестігі жыл өткен сайын қарқын алып келеді.
Қазақстан түрікмен халқының бірлігін, елдің саяси және экономикалық дамуын нығайтудағы Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалайды», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін жақын арада Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Еске салсақ, 12 ақпанда Түркменстанда президенттік сайлау өтті. Өз кандидаттарын үш партия ұсынды: Демкратиялық партия мемлекет басшысы Гурбангулы Бердымухамедовті; Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер партиясы – коммерциялық «Рысгал» банкінің басқарма төрағасы Бегмырат Аталыевті; Аграрлық партия – Мары велаят (облыстық) комитет төрағасы Дурдыгылыч Оразовты ұсынды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Түркменстанның билік басындағы президенті Гурбангулы Бердымухамедов сайлаушылардың 97,69% даусын алды, деп хабарлады «Түркменстан: алтын ғасыр» газеті.
Сайлаудың ақтық қорытындысы жақында шығарылады.
Түркменстан президенті 7 жылға сайланады.


Жаңалықтармен бөлісу: