Назарбаев Стамбул қаласында болған террорлық акт салдарынан неміс азаматтарының қаза табуына байланысты Меркельге көңіл айтты

Астана. 13 қаңтар. ҚазТАГ- Қазақстан президенті Н. Назарбаев Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге Түрік Республикасының Стамбул қаласында болған террорлық акт салдарынан неміс азаматтарының қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, жеделхатта қайғылы оқиға туралы хабарды Елбасының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған қарсы күресін қолдайды», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Меркельге, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Германия халқына шын ниетпен көңіл айтты.
БАҚ-тар хабарлағандай, жарылыс 12 қаңтарда Стамбул орталығында Сұлтанахмет алаңының маңында орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша 10 адам қаза болып, 15 адам жарақаттанды. Хабарда айтылғандай, қаза болғандар арасында Германия, Норвегиядан келген туристер болған. Жарылғыш қондырғыны терроршы-жанкешті іске қосқан.
ҚР СІМ мәліметтерінше, Стамбулда орын алған жарлыстан қаза болғандар мен жарақат алғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

adimage