Назарбаев және көрнекті шетелдік мемқайраткерлер Астанада Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын талқылады

Күні: 15:22, 18-09-2015.

Астана. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Ақылмандар кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабаралды мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.

«Кездесуге қатысушылар әлемдік саясаттағы, экономика мен халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуалды талқылады. Осы орайда еліміздің сыртқы саясатқа қатысты бастамалары мен халықаралық қоғамдастықтың әлемдегі түрлі қақтығыстарды шешу үшін күш жұмылдыруы барысындағы рөлі жөнінде мәселе қозғалды», - делінген жұма күні Ақорда сайтында жарияланған хабарда.  

Сонымен қатар кездесуде Қазақстанның қалыптасқан экономикалық жағдайда орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қабылдап жатқан шараларына айрықша назар аударылды.

Қазақстан Президенті еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік шикізат нарығындағы бағаның тұрақсыздығына байланысты Қазақстанда индустрияландыру саясаты жүзеге асырылып жатқанына, соның арқасында соңғы жылдары жүздеген жаңа кәсіпорын салынғанына назар аударды. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта елде индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы іске асырылып жатқанын, оның басты мақсаттарының бірі экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін жоспарлы түрде азайту екенін айтты.

Қазақстан Президенті еліміз көлік-логистика әлеуеті мен инфрақұрылым құрылысын дамытуға бағдар ұстағанына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына, соның арқасында бүгінде қазақстандықтар болашаққа нық сеніммен қарайтынына назар аударды.

Кездесуге шет елдердің көрнекті мемлекет қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары – Израильдің бұрынғы президенті Ш.Перес, Польшаның бұрынғы президенті Л.Валенса, Колумбияның бұрынғы президенті С.Трухильо, Испанияның бұрынғы премьер-министрі  Х.Сапатеро, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры  М.Аль-Барадеи және басқалар қатысты.  


Жаңалықтармен бөлісу: