Назарбаев жеке тәжік компанияларды ынтымақтастыққа шақырды

Күні: 16:28, 14-09-2015.

Астана. 14 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен бірлескен брифингі барысында жеке тәжік компанияларды ынтымақтастыққа шақырды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы келісім 80 құжаттан тұратын қолданыстағы шарт базасына серпін беретін болады. Қазақстан бүгінде индустриялық даму саясатын жүргізіп отырғандықтан, жекеменшік тәжік компанияларын мүмкіндігінше ынтымақтастыққа шақырамыз», – деген Н. Назарбаевтың дәйексөздерін келтіреді баспасөз қызметі Ақорда сайтында дүйсенбі жарияланған хабарда.
Осы ретте ол аумақтық және мәдени-тарихи жақындық секілді оң үрдістер бар екенін ескере отырып, елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері өзара сенім мен достыққа негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ екі ел бір-бірін ЕҚЫҰ, БҰҰ және ИЫҰ сияқты жаһандық ұйымдар аясында қолдау көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті.
Одан өзге, мемлекет басшысы Тәжікстанның халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы рөлі зор екенін атап өтті.


Жаңалықтармен бөлісу: