ОҚО әкімі облысқа танымал азаматтарды «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалімен марапаттады

Күні: 16:37, 28-08-2015.

Шымкент. 28 тамыз. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстағы бірқатар тұлғаларды «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалімен марапаттады, деп хабарлады облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасынан. Осыған орай жұма күні таратылған хабарда айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес Тәуелсіздіктің нығаюына, еліміздің экономикалық дамуына, халықтың ынтымағы мен бірлігінің арта түсуіне елеулі үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарына «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалін табыстады. Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері бар.
Облыс әкімі Б.Атамқұлов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында бүгінде Қазақстан әлемге танылып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Конституция еліміздің бүгінгі жетістіктерге жетуіне жол ашты. «Сіздер Ата Заңның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың көш басында жүрсіздер. Бүгінгі марапаттарыңыз сол еңбектеріңіздің жемісі. Алдағы уақытта да еліміздің дамуы мен ынтымақ пен бірліктің нығаюы жолында жемісті еңбек ететіндеріңізге сенеміз», - деді облыс басшысы.
Айта кетерлігі, 1995 жылы тұңғыш рет бүкіл Қазақстан халқының қатысуымен талқыланып, қабылданған Конституция өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен және тәуелсіз мемлекетімізді нығайтудағы пәрменділігімен ерекшеленеді.
1995 жылы 30 маусымнан 30 шілдеге дейін Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқылауға берілді. Талқылауға 33 мың ұжым, үш миллионнан астам адам қатысты. Конституция жобасына 31 886 ұсыныс пен ескерту жасалды. Осы талқылаудың нәтижесінде Конституцияның 98 бабының 55 бабына 1100 түзету мен қосымшалар енгізілді. Осылайша, республикалық референдумда жаңа Конституцияны қазақстандықтардың 82 пайызы қолдады


Жаңалықтармен бөлісу: