Оңтүстік Қазақстанда қуаты 35 мВт болатын күн электр стансасының құрылысы басталды

Күні: 16:04, 13-04-2015.

Шымкент. 13 сәуір. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында (ОҚО) қуаты 35 мВт болатын күн электр стансасының құрылысы салына бастады, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
«2015-2016 жылдар аралығында облысымызда баламалы энергетика саласында жалпы қуаттылығы 290 мВт болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қолға алынған бастамалардың арқасында 2017 жылға қарай өңірдегі 280 мВт көлеміндегі энергия жетіспеушілігі толықтай шешілмек», - деді, облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев деп оның сөзіне баспасөз қызметі сілтеме жасайды.  
Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде жобаның алғашқы кезеңі ретінде қуаттылығы 35 мВт болатын күн электр стансасының негізі қаланды. Келешекте мұнда 35 жұмыс орны ашылмақ. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев өңіріміз үшін маңызы зор кешенді жобаны іске асыруға облыс әкімдігі тарапынан жер бөлу, өндірілген энергияны электр подстансаларына жеткізу және өзге де ұйымдастырушылық жұмыстарға көмек көрсетілгенін атап өтті.
Облыс әкімінің ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Сонымен қатар бұл өңірдің баламалы энергетиканы дамытуға да мүмкіндігі зор. Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған «ЕХРО-2017» көрмесінің ашылуына орай облыс әкімдігі тарапынан баламалы энергетика саласында тың жобаларды іске асыруды қолға алып отыр. Атап айтқанда Оңтүстік өңірнде 2014 жылы 3 жобаның тұсауы кесілді. Оның екеуі – қуаттылығы 2 мВт болатын күн электростансалары болса, тағы біреуі осы тәрізді электр қуатын беретін шағын гидроэлектростанса болатын. Осы бағытта Оңтүстікте тағы бір орасан жобаның тұсауы кесілді. Бұл жолы Германиялық «Promondis Kazakhstan» компаниясы өңірімізде жалпы қуаттылығы 75 мВт болатын күн электр стансаларының құрылысын бастап отыр. Осы кешенді жоба толығымен ске асырылғанда өңірге тартылатын шетелдік инвестиция көлемі 250 млн. АҚШ долларын құрамақ.


Жаңалықтармен бөлісу: