Павлодар облысы Ұзынсу ауылының үш тұрғынынан күйдіргі расталды; ауылда карантин жарияланды

Күні: 19:56, 11-07-2016.

Павлодар. 11 шілде. ҚазТАГ – Павлодар облысы Ұзынсу ауылының үш тұрғынынан күйдіргі (түйнеме) (сібір жарасы) расталды; ауылда карантин жарияланды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қазіргі таңда инфекциялық облыстық ауруханада үш адам жатыр. Оларда түйнеме («сібір жарасы») диагнозы расталды. Павлодар мен Астанадағы аса қауіпті инфекциялар зертханаларының бактериологиялық талдамасының нәтижесін күтіп отырмыз», - деп мәлім етті дүйсенбіде Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Мұхамадиева.
Сондай-ақ ол атап өткендей, бұған дейін ауруханаға түскен 51 жасар ер адам жан сақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауырға жақын. Ал 31 жасар әйел мен 30 жасар ер адамның жағдайлары орташа ауыр, қанағаттанарлық деңгейге жақын деп бағалануда.
Облыстың бас санитарлық-ветеринарлық инспекторы Рашид Нұрбековтың айтуынша, Ұзынсу ауылында ауру малды сойған ауыл тұрғыны үйінің маңында карантин жарияланған.
«Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады, ауылдық елді мекенде ветеринарлық, санитарлық және медициналық қызмет жұмыс жасап жатыр. Ұзынсу мен Ертіс ауылының байланыста болған тұрғындардың саны 42-ге жетті. Олардың барлығы Ертіс аудандық ауруханасына орналастырылып, химиопрофилактика алып жатыр», - деді инспектор.
Еске салсақ, 8 шілдеде күйдіргі деген қауіппен Павлодарда екі адам инфекциялық ауруханаға жатқызылған еді, тағы 25-і Ертіс аудандық ауруханасында қадағалауға алынды. Олардың арасында 1-13 жас арасындағы балалар да бар.
Ауру мал 27 маусымда Ұзынсу ауылында сойылған. 117 кг ет Ертіс ауылындағы «Майра» кафесіне тапсырылған. Осындай жағдай туындағаннан кейін 50 кг етті тәркілеу мүмкіндігі туды.


Жаңалықтармен бөлісу: